Мың айдан да қайырлы қасиетті айға санаулы күндер қалды

Наурыздың 23-ші жұлдызында мұсылман қауымы үшін 5 парыздың бірі – Ораза басталады.  Ауыз бекітуге ниет еткен жандар таң қылаң бере  бастағаннан кешке күн ұясына батқанша өзін ас-судан шектейді. Мың айдан да қайырлы қасиетті айға санаулы күндер қалды. Осы орайда халықтың көкейінде жүрген бірқатар сұрақтарға Иманғали атындағы орталық мешітінің наиб имамы Мұрат Жамалдинұлы Мұстафаев жауап берді.

– Мұрат Жамалдинұлы, ораза ұстау кімдерге парыз?

– Әрбір балиғат жасына жеткен ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы адамға ораза ұстау парыз болып саналады. Балиғат жасы қыз балалар үшін 9 жас, ал ұл балалар үшін 12 жастан басталады. Денсаулығында кінәраты барларды шариғат  ораза ұстаудан босатады.  Жүкті және емізулі әйелдер де ауыз бекіткісі келуі мүмкін. Бұл жағдайда дәрігерлермен кеңесіп барып, ниет еткендері абзал.  Қарт кісілерге ораза ұстамау рұқсат етілген.

– Оразаның шарттары қандай?

– Әр адам ауыз бекіткенде ішіп-жеуден ғана тыйылмайды. Ораза ұстаған адам тамаққа шектеу қоюмен қатар, өзінің ішкі жан-дүниесін де таза ұстауға тырысу керек. Яғни өтірік, өсек айту, жаман сөйлеу, жаман және зиянды әдеттерден арылу да ораза шарттарының бірі. Ораза деген – Алла мен адамның арасындағы жасырын құлшылық. Адамның намаз оқитынын көруіміз мүмкін. Ал ауыз бекіткенін сізден келіп сұрамайынша  білмеуіміз мүмкін. Бір ай бойы ораза ұстаған жандардың сауабын Алла тағаланың өзі береді.

 – Ораза қандай жағдайларда бұзылады?

– Егер ауыз бекіткен адам әдейі ас жеп, су ішсе бұзылады. Ал байқаусызда ішіп жеп қойған жағдайда бұзылмайды.  Ораза ұстап жүргенін есіне түсіре салысымен тамақты немесе суды ішуін тоқтатуы керек. Тіс емдетсеңіз, қан алдырсаңыз, антибиотиктер салдырсаңыз,  ораза бұзылмайды. Тек дәрумен салдыруға және сағыз шайнауға болмайды. Өйткені ашығып жүрген адам үшін дәрумендер күш-қуат береді. Ораза ұстаған адам мұрынға немесе құлаққа тамызатын арнайы дәрі-дәрмектерді пайдаланған кезде, ол көмейге түсетін болса онда ораза бұзылады. Сондай-ақ, тіс жууға, шомылуға болады, бірақ абай болған дұрыс. Моншаға барғанда да абай болған жөн. Өйткені өзін астан тиған адамның әл-қуаты аз болады. Айта кетерлігі, тамақтың тұзын тексеру үшін тілінің ұшымен көріп, түкіріп, аузын шайып тастауы тиіс. Астың дәмі тамағының ар жағына кетсе оразасы бұзылады.

– Сəресіге ұйықтап қалған адам не істейді?

– Сəресіге ұйықтап қалған кісі сол күнгі оразасын жалғастыра береді. Өйткені ораза басталғанда Рамазан айына толық ниет етілетіндіктен сол күнгі оразасы қабыл болады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «сəресіде береке бар, бір жұтым су болса да ниет етіп, ауыз бекітіңдер» деген сөзі бар. Сол үшін түнде жатарда ниет етіп, дұға жасап жатуы және сәресіге тұрғаны абзал.

– Биыл пітір садақа 535 теңге болып бекітілді. Оны міндетті түрде мешітке апарып беру кере керек пе?

– Пітір садақа отбасындағы адам санына қарап беріледі. Оны мешітке әкелсе де болады. Ал егер көрші-қолаң, туған-туыс, таныстардың арасында жағдайы төмен отбасылар болса, соларға берген жөн. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.

– Білуімізше, ораза тұтқан жандар мешітке келіп те ауыз аша алады...

– Иә, мешіттің жанынан киіз үй тігіліп, 30 күн бойы ауыз ашамын деген 500 адамға есік ашық болады. Мешітте ауызашар бергім келеді дейтін жандар болса ол да құпталады.

– Он екі айдың сұлтаны - Рамазан айы барша мұсылманға құтты болсын! Әңгімеңізге рахмет.

– Ораза ұстаған әрбір жанның ниеті қабыл болсын. Барлық отбасына Рамазан құт береке алып келсін!

 

*** Айта кетейік, ораза 29 наурызда аяқталады. Сәуірдің 17-нен 18-іне қараған түні мың айдан да қадірлі болып есептелетін Қадір түні. Ал 21 сәуір - ораза айт мерекесі.

 

М.НҰРТАЕВА.