25 Қаңтар, 2023 978

Мұнайлы өлкеде «Атырау жастары» ипотекасымен баспана алуға құжаттар қабылданады

 Мұнайлы өлкеде «Атырау жастары» ипотекасымен баспана алуға құжаттар қабылданады

Атырау облысында «Атырау жастары» жас мамандарға арналған жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша құжат қабылдау 1-20 ақпан аралығында жүзеге асады, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл бағдарлама бойынша Атырау қаласында тіркелген және жасы 35-ке дейінгі жастар қатысып, 13 млн теңгеден бастап, 18 млн теңгеге дейін баспана алуларына мүмкіндік бар. Ол үшін соңғы 1 жылда облыста тіркеуде тұруы және соңғы 6 айда табысы болуы тиіс. Сондай-ақ «Отбасы банкінде» депозиті болуы шарт.

Бағдарламаға журналистер, дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет және спорт қызметкерлері, жоғары оқу орындарының профессорлары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, әлеуметтік сала және коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері, сондай-ақ "жетім балалар" санаты бойынша үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады.

«Құжаттар Атырау қалалық ТҮКШ бөлімінде қабылданады. Мұнан соң ұпай сандары есептеледі. Мәселен, өтініш берушінің 1 жыл қызмет өтілі болса - 5 балл, ал 1 жылға жетпесе, онда - 3 балл саналады. Ал егер отбасы мүшелерінде мүгедектік болса - 10 балл қосылады. Жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға 5 балл есептеледі. Осылайша, ең көп балл жинағандардың тізімін «Отбасы банкіне» жолдаймыз», деді  ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Рафкат Жолдиев.

«Отбасы банк» АҚ Атырау облысы бойынша филиалы басшысының орынбасары Батыр Нұрболаттың айтуынша, бағдарламаның бюджеті - 1 млрд 600 мың теңгені құрайды. Несие проценті – 5 %,  алғашқы жарнасы – 10 %  және 19 жылға беріледі. Оның алғашқы 8 жылында 5 %, ал қалған жылы 3,8 % төленеді.

«Қалада 18 млн теңгеге дейін, ал ауылда 13 млн теңгеге дейін ипотека ала алады. Егер үйдің бағасы көрсетілген сомадан асып кетсе, несие алушы қалғанын өз қалтасынан төлейді. Бастысы, бағдарламаға қатысушының соңғы 5 жылда үйі болмауы тиіс. Ипотеканы жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен және салынғанына 50 жылдан аспаған үйден таңдай алады және күнкөріс мөлшері 6,3 шегінен аспауы шарт. Яғни, 1 адамға 255 мың теңгеден аспағаны жөн», деді Батыр Нұрболат.

Айта кетейік, Атырау облысы жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы қолға алынған 7-ші өңір.