Министрлік автогазға қатысты мәлімдеме жасады

Атырауға қосымша сұйытылған мұнай газы жеткізілмек, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Атырау облысына қараша айына «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС, «Gas Processing Company» ЖШС және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қосымша 2 108 тонна бөлді. Оның ішінде 16 қарашадағы жағдай бойынша 521 тоннасы жеткізілді. Батыс Қазақстан облысына қараша айына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дан қосымша 504 тонна бөлінді. Орал қаласында орналасқан «Жайықмұнай» ЖШС-мен күн сайын айырбастау негізінде кемінде 60 тонна сұйытылған мұнай газын тиеп-жөнелте отырып, қосымша 400 тонна бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) толық жұмыс режиміне шыққаннан кейін өтелетін болады» делінген хабарламада.
Министрлікі «Теңізшевройл» ЖШС басшыларымен БҚО және Атырау облысына 1600 тоннадан қосымша сұйытылған мұнай газын бөлу туралы келісім жасағаны да белгілі болды. Қазір сұйытылған мұнай газын өткізуші субъектілер Энергетика министрлігі бөлген газ көлеміне жоғарыда аталған зауыттармен келісімшарт жасап жатыр.
– Атырау мұнай өңдеу зауытында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 7-14 қараша аралығында сұйытылғын мұнай газын сақтау паркіне айдау тоқтатылды. Зауыт толық жұмыс режиміне 28 қарашада шығады деп жоспарланып отыр. Бірақ, 23 қарашадан бастап қондырғыларды кезең-кезеңімен іске қосу бойынша қабылданған шаралар тәулігіне 600 тонна өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өнім сұйытылған мұнай газының жетіспеушілігін болдырмауға бағытталмақ, - делінген «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ таратқан хабарламада.