Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысудың баламалы нұсқасы әзірленді

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Газизов мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Осы жылдың шілде айында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Ол қыркүйек айының басынан бастап күшіне енді. Азаматтар алдын ала жарналарды төлеп, жыл бойы МӘМС тізбесіндегі медициналық көмекке жүгіне алады.


- Бұрын сақтандыру мәртебесін және МӘМС тізбесінен медициналық көмекті алу үшін пациенттің өткен 12 айға жарнасы төленген болуы және мәртебесін жоғалтпау үшін ай сайын жарналарды үзбей төлеуі міндеттелген еді. Енді бұл жүйенің баламалы нұсқасы әзірленді. Ол сақтандыру мәртебесін алу үшін алдын ала 12 айға төлем жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ медициналық қызметті алуға асықпайтын, яғни денсаулығына шағымы жоқ, алдағы уақытта статусы сақтандырылған болуы үшін азаматтар соңғы 12 айға жарна төлемей, тек осы және алдағы 2 ай үшін бірыңғай жиынтық төлем төлесе, төртінші айдан кейін мәртебесі сақтандырылған болып өзгереді. Одан кейін ай сайын жарнаны тұрақты түрде төлеп тұрса, азамат сақтандырылып тұрады, деді Б. Ғазизов.  

Азаматтардың қай айға бережағы бар, қандай мерзімге төлемдерден босатылған немесе жеңілдіктері туралы ақпаратпен қордың www.fms.kz ресми сайты, Telegram желісіндегі SaqtandyryBot каналы, Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы және Egov.kz жеке кабинеттегі «Денсаулық сақтау» бөлімі арқылы танысуға болады. Ал жарнаны банк қосымшалары және «Казпочта» АҚ, Kassa 24, QIWI терминалдары арқылы төлеуге мүмкіндік бар.

Айта кетейік, өңірде 81110 адам медициналық сақтандыру жүйесіне төлем жасамаған.