"Мақсат – әділдік принципін орнату" – Серік Шәпкенов

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен пилоттық режимде бастау алған «Құқықтық көмек» партиялық жобасы қорытындыланды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
- Мен қарапайым азаматтармен, жалғызбасты аналармен, кәсіпкерлермен, мемлекеттік орган қызметкерлерімен кездесіп, мәселесіне талдау жасадым. Оның бәрі де жеке сот орындаушыларының тарапынан дұрыс қызмет көрсетілмеуінен орын алған. Сондай-ақ барлық ауданға ортақ екі мәселе бар. Ол - жекешелендіру мен үй алу мәселесі. Өйткені жергілікті деңгейде жұмыс істейтін комиссияның тек кезекте тұрғандардың тізімін жасаумен-ақ өкілеттілігі тоқталады. Осыған орай біз заңды қайта қарау үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановқа ұсыныс береміз,-деді А.Құспан.
Жиында облыс әкімі Серік Шәпкенов жалдамалы пәтерлерді жекешелендіру және тұрғын үйді сатып алу мәселелерін оңтайландыру және қолданыстағы заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін ұсыныс дайындау мақсатында құзырлы орган өкілдеріне арнайы комиссия құру туралы тапсырма берді.
- Тұрғындармен ашық кездесіп, олардың мәселесін саралап, ортаға салып, ашық талқылағаныңыз үшін алғысымды білдіремін. Біздің басты мақсатымыз - әділдік принципін орнатып, дұрыс құқықтық кеңістікте жүру. Әділдік орнаған жерде бәрі де дұрыс болады. «Құқықтық көмек» партиялық жобасы - осы уақытқа дейін облыста жұмыс істеген барлық құқықтық қызмет көрсетуші мекемелердің дұрыс тұсы тоғысқан өміршең жоба болуы тиіс. Жоба осымен тоқтап қалмай, жалғасын табуы керек. Тұрғындардың қандай да бір құқықтық қызмет алуына көмек керек болса, біз барлық жағдайды жасаймыз,-деді С.Шәпкенов.