Мақаттық Жұмабай Абдулов «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Астанада өткен жіңімпаздарды марапаттау салтанатты іс-шарасына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, мемлекеттік органның, «Атамекен» ҰКП-ның, республикалық жұмысшылар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің, жергілікті мемлекеттік органдардың, әлеуметтік серіктестердің өкілдері, еңбек ардагерлері мен конкурс жеңімпаздары қатысты.
Марапаттау рәсімінде Тамара Дүйсенова салтанатты шараның ашылуында еңбек адамдарының мемлекет пен қоғамның дамуына қосып жатқан үлестерін ерекше атап өтті.
Биыл облыс көлемінде 40-қа жуық қызметкерлер «Еңбек жолы» республикалық байқауына қатысты. Конкурс «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы» номинациялары бойынша өтті.
Конкурстың облыстық нәтижесімен «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Мақат ауданынан Мырзағалиевтер әулеті, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Мақат ауданынан Жұмабай Абдулов, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясымен Тұңғышбай Аманқос іріктеліп, республикалық конкурсқа жолданған болатын.
Бүгінгі күні республикалық конкурста «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша Мақат ауданынан Жұмабай Абдулов респбулика көлемінде 3-ші орынды иеленіп отыр. Конкурс жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар табысталды.