Мақат тұрғындарына қайтарымсыз грант берілді

Биыл Мақат ауданында 61 адам қайтарымсыз грантқа ие болды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов «Мақат ауданының 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы» туралы өткен баспасөз конференциясында айтты. Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға жастар мен көпбалалы аналарды және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау бағытында мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ауданнан 61 адам іліккен. Олар өз кәсіптерін бастау үшін жалпы құны 74 млн 737 мың теңгеге ие болды. Сонымен қатар осы жылы ауданда 2643 жұмыс орындары ашылып, оның ішінде 1635 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

- Аудандағы жұмыспен қамту мәселесіне тоқталар болсам, қазір жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп тұрған 628 адам бар. Өткен жылы 300-ден астам жұмыссыз болса, биыл ол көрсеткіш екі есеге көбейді. Бұған себеп Теңіз кенішіндегі Келешек кеңею жобасының үшінші буын зауытының құрылыс жұмысының аяқталуы. Бұдан бөлек, биыл аудан бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 40, жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа 90, қоғамдық жұмысқа 294 адам жолданды. Жастар тәжірибесін аяқтаған 17 жас маман тұрақты жұмыспен қамтылды,- деді Р.Ибрагимов.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл Теңіз кенішіндегі Келешек кеңею жобасының үшінші буын зауытының құрылыс жұмыстарында еңбек еткен 339 адамның жұмысы аяқталған. Жұмыссыз қалған мамандардың ішінен 200-ден астамы жұмыспен қамту орталығына хабарласып, олардың 111-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал қалған жұмысшыларға әр түрлі мекемелерден жұмыс орындары қарастырылуда. Сондай-ақ жұмыстан босатылған 212 қызметкерге мезгілінде кәсібінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер тағайындалып отыр.