МӘМС жүйесіндегі медициналық ұйымдардың жұмысынан 11,8 млрд теңгенің кемшілігі анықталған

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары МӘМС жүйесіндегі медициналық ұйымдардың жұмысынан 11,8 млрд теңгенің кемшілігін анықтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айдын Ашуев осындай мәлімет айтты.
Айтуынша, қор сарапшылары медициналық ұйымдардың жұмысынан 11,8 млрд теңгенің 882,6 мыңнан астам кемшілігін анықтаған.
«Бүгінде медициналық көмектің сапасын қамтамасыз ету үшін ағымдағы, мақсатты, жоспардан тыс, проактивті түрлері бойынша мониторинг жүргізілуде. Кемшіліктердің басым бөлігі консультативтік-диагностикалық қызмет көрсететін мекемелерде анықталды. Көбінесе төлем аударылуы тиіс қызметтердің саны негізсіз жоғары ұсынылды. Мысалы, 1 қызмет көрсетілсе, 3 қызметті төлеуге ұсынады», - деді қор басшысы.
Айдын Ашуев кемшіліктердің қай салада жиі кездесетінінін саралап айтты.
«Оның ішінде қор сарапшылары жалпы сомасы 214,2 млн теңгеге медициналық қызмет көрсетудің 28,6 мың расталмаған жағдайын анықтады. Бұдан бөлек, қор проактивті мониторинг енгізді және оны 2 жыл бойы жүргізіп келеді. Онда анықталған бұзушылықтарға айыппұл санкциялары қолданылмайды. Оларды 45 күн ішінде жоюға мүмкіндік беріледі. Осы мерзім өткеннен кейін жойылмаған кемшіліктер бойынша сомалар төлемнен алынады», - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы.
Фото:ашық дереккөздерден алынды