04 «наурыз», 2022 2240

МАХАМБЕТ ДОСМҰХАМБЕТОВ АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАҢА ӘКІМІНЕ БІРҚАТАР ТАПСЫРМА БЕРДІ

 МАХАМБЕТ ДОСМҰХАМБЕТОВ АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАҢА ӘКІМІНЕ БІРҚАТАР ТАПСЫРМА БЕРДІ

«Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов жаңа тағайындалған қала әкіміне бірқатар тапсырма берді», - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Биыл мемлекетіміз жаңа дәуірге қадам басқанын атап өткен Махамбет Досмұхамбетов қала әкімі Мейірім Қалауи тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып алда атқарылуы тиіс негізгі жұмыстарға тоқталды.

- Бұған дейін де Президент өз Жолдауында биліктің бұқараға барынша ашық әрі жақын болуын тапсырған болатын. Сондықтан қай салада қандай мәселе туындаса да халықпен тікелей байланыста шешілуі тиіс. Осыған дейін де қаланы көркейтуде көптеген жұмыстар атқарылды. Дейтұрғанмен, шешімін күткен проблемалар да бар, - деген өңір басшысы Атырау қаласының жаңа басшысына  нақты міндеттер жүктеді.

Ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартып, экономиканы дамытып, өркендетуге қатысты тапсырма берді. «Қаланың инвестиция тартуда әлеуеті  өте жоғары. Осыған байланысты, шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстарды қолға алу қажет»,-деді.

Одан кейін автокөлік жолдары мен көпірлерге қатысты жасалуы тиіс жұмыстарды қозғады. Өңір басшысының сөзінше, қаладағы 1635 шақырым автокөлік жолдарының 1458 шақырымы жақсы жағдайда. Ал 177 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Осы орайда «Көпірлердің жағдайы да сын көтермейді. Жылда жолдар төсіліп, көпірлерге орташа жөндеу жұргізілуде. Дегенмен, бұл бағытта әлі де жүйелі жұмыстар атқару керек»,-деді.

Сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында көпқабатты және жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін бөлінген жерлерге инженерлік - инфрақұрылым тарту жұмыстарын жалғастырып, көп қабатты тұрғын үйлердің құрылыс қарқынын жоғарылатуды да тапсырды.

Көп қабатты тұрғын үй құрылысын салу үшін тұрғын үй-құрылыс кооперативтерін құру арқылы ақша тарту және бау бақша кооперативтеріне байланысты шағымдар — бүгінде құрылыс саласына қатысты даулы мәселеге айналғанын атап өткен аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов «Осы мәселені шешуде құзырлы органдармен бірлесіп нәтижелі жұмыстарды ұйымдастыру қажет»,-деді.

Қаланың жаңа басшысына тағы бір тапсырма:  әлеуметтік нысандар арасында түйткілді мәселе болып тұрған 1 апатты және 11 үш аусымды мектептердің  құрылысы. Аталған жұмыстарды облыстық басқармалармен бірлесе отырып шешу жүктелді. 

Оған қоса, облыста барлығы 119 апатты және тозығы жеткен үйлер мен жатақханалар болса, соның 86-ы Атырау қаласында орналасқан. Аталған үйлерден тұрғындарды көшіруді жалғастыру жұмыстары да тапсырылды. 

«Экология мәселесі де басты назарда болуы тиіс. Әсіресе, ауаның тазалығы айрықша маңызды»,-деген облыс әкімі жағдайды жақсарту мақсатында былтыр сол сол жақ жағалаудағы кәріздік су тазарту имараты жұмысының басталғанын, алдағы уақытты оң жақ жағалаудағысының құрылысын да нәтижелі ұйымдастыру керектігіне тоқталды.

Сонымен бірге, Тухлая Балка және Квадрат булану алаңдарын тазалау,  бұрыңғы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын жою жұмыстарын бірге атқару қажеттігі де айтылды. 

Маңызды мәселелердің тағы бірі — көгалдандыру мен абаттандыру бойынша да іргелі істер істелуі керек.   

«Қаладағы жасыл желектерді көбейту, бар желектерді уақытылы суару және гүлзарлардың санын ұлғайту, халық демалатын парктер мен скверлерді көбейту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру керек», - деген облыс басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне де жол бермеуді тапсырды.

  «Күнделікті тексеру жұмыстарын жалғастырып, тауар өндірушілермен бірлесе отырып тиісті іс-шараларды қолға алу керек. Олардың арасында жәрмеңкелер ұйымдастыру, ірі сауда орындарынан жеңілдетілген бағамен орын бөлу, сондай-ақ меморандумдарға қол қою мен маусымдық көше сауда нүктелерін көбейту қажет»,-деді өңір басшысы.