09 Қыркүйек, 2022 397

Махамбет ауданында жаңа мешіт халық игілігіне берілді

 Махамбет ауданында жаңа мешіт халық игілігіне берілді

Бұл туралы Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Мешіт Таңдай ауылының 90 жылдығы қарсаңында ашылды. Оның ашылуына арнайы келген облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы таңдайлықтарды құттықтады.

-Қасиетті жұма күні ашылып жатқан мешіттеріңіз құтты болсын! Алла тағала баршаңыздың ниеттеріңізді сауапқа жазсын. Пайғамбарымыздың хадистерінде «Кімде кім жер бетінде мешіт үйін салса, Алла оған жұмақтан үй салып береді» деген екен. Осындай сауапты іс жасап, ауылдың ортасынан екі қатарлы зәулім мешіт тұрғызған кәсіпкер бауырымызға алғысымыз шексіз. Алла кәсібіне береке берсін! Бұл мешіт жастарды үлкенге құрмет көрсетуге, табиғатқа мейіріммен қарауға, ата-ананы сыйлауға, қоғамға пайдасын тигізуге шақыратын ғибадат үйі болғай, -деді А.Ұтысханұлы.

Таңдайдың тумасы, Атырау облыстық мәслихатының хатшысы Әлібек Нәутиев пен ауыл ардагері Мұрат Ещанов та құттықтау тілектерін білдірді. Жаңа мешіттің тұсаукесер лентасын Алтынбек Ұтысханұлы мен ауыл тұрғыны Қамбар Мұқанов қиды. Мешіттің имамы болып Ержан Жақсығалиев тағайындалды.

Мешітті махамбеттік кәсіпкер Нұржан Аханов өз қаржысына салған. Сыйымдылығы 150 орындық құлшылық үйінің ішінде 120 адамдық ерлер залы және 30 адамдық әйелдер залы, имамның жұмыс бөлмесі және тахаратһана бар. Бұған қоса мешіт ауласына 60 орындық асхана мен екі бөлмелі имамға арналған қызметтік үй салынған. Бұл Атырау облысы бойынша салынған 40-шы мешіт.