Мақатта 4 отбасыға баспана кілті табыс етілді

Мақат ауданының құрылғанына 100 жыл толу мерейтойына орай, Мақат кентінің төрт отбасына жаңа тұрғын үй табыс етілді, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Баспана «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізінде жергілікті бюджет есебінен беріліп отыр.

Салтанатты шарада аудан әкімі Ринат Ибрагимов ауданда үй кезегінде тұрғандардың саны көп екендігіне тоқталып, бұл мәселе бірте-бірте өз шешімін тауып келе жатқандығын атап өтті. 
Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов баспаналы болған тұрғындарды құттықтаса, жаңа қоныс иелерінің атынан Лена Шамиянова алғысын білдірді. 

Баспана кілті кезегі келген көпбалалы отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және 1, 2 топ мүгедектігі бар санатындағы азаматтарға беріліп отыр. 

Айта кетейік, жақын уақытта тағы екі баспананың кілтін табыстау жоспарланып отыр. Бүгінде аудан бойынша 700-ден астам тұрғын үй кезегінде.