Мақат ауданында иппотерапия орталығы ашылды

Мақат ауданының Бәйгетөбе ауылдық округінде иппотерапия орталығы ашылды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бұл жобаны облыстық «Үміт-Hope-Надежда» қоғамдық қоры мен аудандық «Ұлттық спорт» қоғамдық қоры іске асырып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress.

Жылқы терапиясы – жүйке жүйесі зақымдалған науқастарды емдейтін медицинаның бір саласы.  Бұл әдіс тірек-қимыл жүйесі бұзылған, аутизм, сал ауруы, Даун синдромына шалдыққан балаларды  емдеуде кеңінен қолданылады.

Жаңадан ашылған орталықта екі жылқы бар. Онда бір дәрігер мен үш нұсқаушы маман жұмыс істейді. Қазір 25 бала иппотерапия емін алып жатыр. «Үміт-Hope-Надежда» қоғамдық қорының төрағасы Қалима Ізімованың айтуынша, Мақатта екінші орталық ашылып отыр. Біріншісі  Құрманғазы ауданында  жолға қойылған. 

«Аудандардан алғашқы болып иппотерапияорталығы Мақатта ашылды. Өйткені жергілікті халық тарапынан өтініш көп болды. Қазір онда 25 бала, ал Құрманғазы ауданында 52 бала ем алып жатыр. Бір науқас – 10-12 күн 30 минуттан емделеді. Мұнан соң 2-3 ай демалып, ем-домын қайта жалғастыруы қажет. Балалар дәрігері ретінде айтарым – емнің арасын үзбеген дұрыс. Сонда жақсы нәтиже болады. Құрманғазыда 3, ал Мақатта 2 жылқы бар.  Олар арнайы бапталған, асау емес. Ем кезінде бір жылқы ғана жұмысқа жегіледі. Ал ол қатты шаршаса немесе ауырып қалса, екіншісі алмастырады. Күн сайын 16 бала ем қабылдайды және жылқы 4 сағаттан артық жұмыс істемейді. Оған қоса жануардың ас-ауқатының құнарлы, дәрумені мол болғанына да аса көңіл бөлеміз», - дейді Қ.Ізімова. 

Алдағы уақытта «Үміт-Hope-Надежда» және «Ұлттық спорт» қоғамдық қорлары балаларды емдейтін жылқы басын көбейтіп, үлкендерді де емдеуді мақсат етіп отыр. Өйткені жылқы терапиясы нәтижесін беруде. 
Айта кетейік, Атырау қаласында иппотерапиямен «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық қоры айналысады. 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА