Мақат ауданында 20 отбасы баспаналы болды

Мақат ауданының құрылғанына 100 жыл толуына орай Мақат және Доссор кентінде 2 пәтерлі 10 жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Баспаналы болған 4 отбасы әлеуметтік осал топқа жататын болса, біреуі көпбалалы ретінде есепте тұр. 14 жанұя осы күнге дейін апатты деп танылған үйде тұрып келген. Үйлі болғандардың бірі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала ретінде кезегін күткен. 

Аудан әкімі Азамат Мәмбетов қоныстой иелерін құттықтап, пәтер кілтін салтанатты түрде табыстады. 

-Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі біздің үнемі назарымызда. Оған тиісті жұмыстар да атқарылып жатыр. Жыл соңына дейін кезекте тұрған бірнеше отбасыға үй кілтін табыстауды жоспарлап отырмыз. Келер жылы ауданымызда тағы да жаңа тұрғын үйлер бой көтереді,- деді аудан әкімі А.Мәмбетов.

Анықтама үшін:  Қазір ауданда түрлі санаттағы 756 азамат тұрғын үй кезегінде тұр.