Құрманғазы ауданы Дәулеткерей ауылының тұрғыны Людмила Есеркенова Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановтың ізгі ісіне сүйсініп, ризашылығын білдіруде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– Менің ұлтым орыс болғанмен, жүрегім қазақ, тілім де қазақша, - дейді ол. – Өйткені, Дәулеткерей ауылының азаматы Салих Есеркеновпен отбасын құрып, ұрпақ өсіріп, көп балалы жанұя болып отырмыз. Марқұм ата-енемізден қалған қара шаңырақта ел қатарлы өмір сүріп келеміз. Үйіміз апаттық жағдайға жеткен соң ауламызға үй тұрғызған едік. Жолдасым зейнеткер, өзім қарт анамды бағып отырғандықтан үйге жылу мен жарық тартуға, төбесін жабуға мүмкіндігіміз жетпеді. Ел қолдап, көмек жасап, үйдің төбесі жабылды. Ескі үйдің төбесі опырылып кетті, алда қыс келе жатыр деп уайымдап, ел ағаларына да жағдайымды айтқан едім.
Күні кеше өткен сайлауда өзіміз қолдап дауыс берген азамат Әділ Орынбасарұлы менің өтінішіме үн қатып, үлкен жақсылық жасады. Үйіміздің жылу жүйесін жасауға қажетті барлық құрал-жабдықтарын және ішкі бөлмелердің есіктерін алып беруге демеушілік жасады. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейтін азаматтық қадам дер едім.