Мәулен Әшімбаев Атырау облысының депутаттары және жастарымен кездесті

Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев сенаторлардың өңірлерге сапары аясында Атырау облысында болып, мәслихат депутаттарымен, жұртшылықпен, ақсақалдармен және жастармен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Кездесулердің Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру, Сенаттың өңірлерді дамытуға жүйелі қолдау көрсету және Палатаның мәслихаттармен өзара іс-қимылы мәселелеріне арналды.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша жүзеге асып жатқан реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету және өңірлерді дамытуға жәрдемдесу – Сенаттың мәслихаттармен бірлескен жұмысындағы негізгі бағыттар. Осы орайда сенаторлар осы жылды да дәстүр бойынша облыстар мен аудандардың тұрғындарымен кездесуден бастады. Өңірлерді дамыту перспективаларын талқылау және мұндағы өзекті мәселелерді шешу – шаралардың  негізгі мақсаты болып отыр.

77ba036d 28df 4d71 ad01 555d78ffad13

Мәулен Әшімбаев Атырау облысының тұрғындарымен кездесу барысында Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында белгіленген міндеттерге назар аударып, барлық қазақстандықтарды оларды іске асыру төңірегінде күш біріктіруге шақырды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сұхбатында демократиялық реформалардың жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болғанын қадап айтты. Жалпы, өткен жылы азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуына кепіл болатын жоғарғы орган – Конституциялық Сот жұмысын бастады. Алғаш рет азаматтарымыз аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлады. Осы және өзге де жетістіктер мен бастамалар биылғы жылы да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуімізге берік негіз болады деп сенеміз. Жалпы бүгінгі күні еліміздің алдында ауқымды мақсаттар тұр. Ол мақсаттарға бірлесіп әрекет еткенде ғана жететініміз сөзсіз», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.

1447421f 64b0 44ef b294 39e3f466ab82

Сенат пен мәслихаттардың өзара іс-қимылының маңызды бағыты –  заңдардың, ұлттық бағдарламалар мен жобаларды өңірлерде іске асыру сапасына мониторинг жүргізу. Палата Төрағасының пікірінше, жергілікті жерлерде проблемалар анықталған жағдайда қалалар мен ауылдардың ерекшеліктерін міндетті түрде ескере отырып, барлық деңгейдегі депутаттардың белсенді бірлескен жұмысы қажет болады. Мәулен Әшімбаев осыған байланысты өңірдің әлеуетін толық ашу мен депутаттардың осы бағыттағы күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

«Атырау облысы шетел инвестицияларын тарту бойынша елімізде көш бастап тұр. Өнеркәсіп өнімінің көлемі де дәйекті түрде ұлғаюда. Аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының өсуі де қуантады. Дегенмен аймақта жетістіктермен қоса, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Олардың қатарында тұрғындарды экология, оның ішінде ауаның ластануы және су мәселесі алаңдататынын білеміз. Инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі де өзекті. Өңірлердегі мәселелерді шешуге Сенат тарапынан жүйелі қолдау көрсету – негізгі міндеттердің бірі. Біз өз тарапымыздан және басқа да әріптестерімізбен бірге облыстың өзекті мәселелерінің шешілуіне тиісті көмек көрсететін боламыз», - деді Мәулен Әшімбаев кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде.

Ол сондай-ақ «Өңір» депутаттық тобының және Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің алдағы отырыстарының күн тәртібіне тоқталды.

a683f4d9 c7ce 4fe6 a08c 56ad2715fc3d

Сенаторлар өңірдің дарынды жастарымен кездесу барысында аймақты одан әрі дамыту келешегін, заң шығаруды жетілдіру және жаңа жобаларды іске асыру жөніндегі идеяларды талқылады. Сенат Төрағасы осыған байланысты Қазақстанда жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылатынын атап өтті.

«Қазіргі таңда елімізде өздеріңіз сияқты белсенді, білікті жастарға жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Жастардың сапалы білім алуына жағдай жасалуда. Сіздердің облыстарыңызда «Атырау жастары» ипотекалық бағдарламасы қолға алынғалы 100-ге тарта жас азамат баспаналы болғанын білеміз. Бұл ретте Президенттік жастар кадрлық резервін айрықша атап өткен жөн. Мәжіліс және мәслихат депутаттарының қатарында жастардың болуын қамтамасыз ететін заңнамалық нормалар да қабылданғанын білесіздер. Сенат тарапынан да белсенді жастарды қолдауға арналған жобалар іске асырылып келеді. Өскелең ұрпаққа үлкен сенім мен жауапкершілік жүктелетінін айтқым келеді. Жастарымыздың бойындағы сондай дұрыс ұстанымдар мемлекетіміздің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз», - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Ол сонымен қатар Сенат жанындағы Талдау мектебі мен Жас сарапшылар клубының жұмысы туралы айта келіп, бұл жобалар жастардың әлеуетін ашуға және оларды Палатаның заң шығару жұмысына тартуға бағытталғанын жеткізді.

d6244967 272a 4bb9 b3ad c9f00abd53a4

Сенат Төрағасы ұлттық құндылықтарды одан әрі ілгерілетудің, үздіксіз білім алудың және кәсіби өсу үшін жаңа дағдыларды игерудің маңыздылығы туралы да айтты. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Атырау облысының көрнекті тұлғалары мен тумаларын мысалға келтірді. Олардың қатарында Салық Зиманов пен Зейнолла Қабдолов, Әбу Сәрсенбаев пен Фариза Оңғарсынова, Жұмекен Нәжмеденов және Хиуаз Доспанова бар. Олар дарынымен, ержүректілігімен және өжеттілігімен танымал болғанын атап өтті.

Сенат депутаттары сонымен қатар мүгедектігі бар балаларға арналған «Айна-Like» орталығындағы тәрбиеленушілерімен, APEC Petro Technic Жоғары колледжінің ұжымымен кездесті, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС жұмысшыларының қызметімен және еңбек жағдайларымен танысты. Онда өңдеуші өнеркәсіпті, экономиканың жаңа салаларын дамыту және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

40e15831 0b1d 4dda 88b1 b9e4d871c3cd