Астанада АӨСШК еріктілер қозғалысы көшбасшыларының слетіне белсенді дайындалуда. Ол ағымдағы жылдың қазан айында АӨСШК-нің VI саммиті барысында айтылған Президенттің бастамасымен өтеді, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманованың, АӨСШК Бас хатшысының орынбасары Чжан Лианның, Сыртқы істер министрлігі және Астана әкімдігі өкілдерінің қатысуымен ұйымдастыру комитетінің отырысы өтті. Кездесуде алдағы слет бағдарламасы, қатысушылардың логистикасы, ұйымдастырушылық-техникалық сәттер мен қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
АӨСШК еріктілер слеті 3-4 қазанда Астанада өтетінін естеріңізге салай кетейік. Азияның 27 елінен 400 белсенді қатысады. Олар үшін тақырыптық панельдік сессиялар, білім беру және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
Слеттің мақсаты - тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы волонтерліктің рөлін белгілеу және Азия елдеріндегі мәдениетаралық диалогын нығайту. Сондай-ақ кездесу маңызды әлеуметтік мәселелерді талқылауға арналған алаң болады.
Сонымен қатар слет шеңберінде АӨСШК Жастар кеңесінің VIІ отырысы жоспарланған, оның қорытындысы бойынша волонтерлікті дамыту бойынша бірлескен ұсынымдар қабылданатын болады.