KPI Inc газ-химиялық кешенінің мұржасынан шыққан отқа қатысты түсінік берілді

Әлеуметтік желіде тараған жаңа газ-химия кешенінің мұржасынан шыққан өрттің видеосы Атырау тұрғындарын шошытты.
Бұл видео Kozachkow телеграм каналында жарияланды.
«Күрделі жабдықты – пропиленді компрессорды баптау жұмыстарын жүргізуге байланысты 2022 жылғы 30 қарашада сағат 14:45-те алау орнына қысқа мерзімді бақыланатын пропиленді ағызу жүргізілді. Алау қондырғысына жіберілгеннен газ тазалығы 99,8% құрайтын пропилен. Оның құрамында күкірт және оның қосылыстары нөлге тең, жану нәтижесінде көмірқышқыл газы мен су түзіледі. Оның қоршаған ортаға зияны жоқ. Қазіргі уақытта пропилен алау орнына жіберілмейді», деп түсіндірді компаниядағылар.
Еске сала кетейік, 8 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына сапары барысында «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС интеграцияланған газ-химия кешенінің жұмысын бастаған болатын. Кәсіпорын Теңіз кен орнының шикізатын өңдеуге маманданған, жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге есептелген, бұл оның әлемдік өндірісінің 1 пайызын құрайды.