Көшеде ұйықтаған атыраулықтарға айыппұл салынды

Атырауда қоғамдық орында мас күйде жүрген жетпістен астам тұлға жауапқа тартылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қоғамдағы тыныштық пен  қауіпсіздік – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің басты назарында. Олар құқық бұзушылықтың алдын алып, жолын кесуде бірқатар жұмыстар атқарып, үнемі рейдтік іс-шаралар кешенін ұйымдастырады. Атырау облысы аумағында "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы әлі де жалғасуда.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз өкілі Мейірім Ердәулеттен білгеніміздей, 9 қараша күні сағат 20:00 шамасында Атырау қаласындағы №2 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген аумақты аралау барысында көп қабатты үйлердің бірінің дәлізінде адамның қадір-қасиетін қорлайтын мас күйде жүрген 1987,1978,1985 ж.т.  3 азаматты анықтады. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440 бабымен (алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) әкімшілік жауапкершілік көзделіп, әрқайсысына 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Мәліметке сүйенер болсақ, Атырау қаласы аумағында жыл басынан бері қоғамдық орындарда мас күйде жүрген 900-ден астам тұлға анықталып, барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 200-ге жуық тұлғаның осы құқық бұзушылықты қайталап жасағаны анықталды.

Мұндай құқықбұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 440-бабымен (Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бірінші рет 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл, ал бір жыл ішінде қайталап жасалған бұзушылық үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе бес тәулікке қамау көзделген.

Айта кетейік, "Учаске" іс-шарасы желтоқсан айына дейін жалғасады.