Қалалық әкімдіктің қолдауымен және жомарт жандардың демеуімен көпбалалы отбасыға, яғни Самат Ерсариевтің жанұясына 4 бөлмелі үйдің кілті табысталды.
Аталған отбасының қуанышымен бөлісуге қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов арнайы барып, үй иесіне қажетті тұрмыстық техника мен жабдықтар табыс етті.
«Бұл үйде сіздер мемлекет тарапынан берілетін жаңа пәтерге көшкенше тегін тұрасыздар. Баспана іші жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. Ең бастысы, балалар үшін кең бөлмелер бар. Баспаналарыңыз құтты болсын. Шаңырақтарыңызға шаттық орнап, ынтымақ пен бірлік, амандық тілеймін» - деген әкім орынбасары іске атсалысып, қолдау білдірген жандарға ризашылығын жеткізді.
Бес баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы 1 жылдан астам уақыт бойы жертөлені пана еткен. Отбасындағы отағасы Самат Ерсариев сантехник болып қызмет жасаса, жұбайы Алтынай Хамзина «Атырау су Арнасы» мекемесінде бақылаушы болып қызмет етуде.
«Осы күнге дейін баспана жалдап келдік. Содан соң сол үйден шығып қалып, жертөледе тұрып, көп қиындық көріп қиналдық. Енді міне Аллаға шүкір бұл күнге де жеттік. «Өзіміздің пәтеріміз қашан болады?» деп армандадық. Қайырымды жандар қоғамда бар екен. Осы тұста қолдау білдірген қалалық әкімдікке және барша жәрдемші болған азаматтарға алғыс айтамын. Мектеп те жанымызда. Балаларым алаңсыз ұйықтайтын болды. Соған қуанамын, – дейді көп балалы ана.