Кімдер «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атанды?

Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин және қала Мәслихатының төрағасы Бейбіт Мырзағалиев Қала күні қарсаңында қалалық Мәслихаттың 2024 жылғы 11 қыркүйектегі №129 шешімі бойынша Атырау қаласына еңбегі сіңген бес азаматқа «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағын табыстады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

- Алдымен баршаңызды айшықты мереке - Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қоғам байлығы қашанда адамның маңдай терімен жиналады. Бүгін Атырау қаласының туған күні қарсаңында, шаһарымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына әр жылдары үлес қосып, өнегелі өмір жолын арнаған 5 ардагерімізге «Атырау қаласының құрметті азаматы» атағын тапсырғалы тұрмыз. Бұл, әрине, ең бірінші, еңбек адамдарына құрмет. Екінші жағынан, еңбек адамын әспеттеу арқылы кейінгі жас ұрпақты тәрбиелеу. Ерліктің де, елдіктің де сабақтастық дәстүрі болуы керек. Уақытпен санаспай ерен еңбектің көрігін қыздырған қажырлы да қайратты майталман мамандар қашанда құрметке лайық!- деді қала әкімі Ш.Кейкин.

«Құрметті азамат» атағын алғандар қатарын өңірдегі техникалық реттеу және метрология саласында интегралданған менеджемент жүйелерінің енгізілуіне, метрология кадрларын практикалық қызметке баулуда орасан үлесін қосқан Лес Баймұқашев бастайды.

Осындай зор атаққа лайықты деп танылған жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару саласына, сайлауға дайындық және оны өткізуге үлес қосқан Тамара Аман-Турлинаның, қаржы-есеп, банк салаларына өмірін арнаған Козыбақ Кұлбарақовтың, қала тұрғындарының денсаулығын сақтау, медициналық мекемелерді жабдықтау және кадрмен қамту саласының ардагері Меңдіхан Өтепқалиевтің, өз азаманында өңірдегі құрылыс саласының дамуына және халықтың тұрғын-үймен қамтылуына елеулі үлес қосқан Гаджибек Алибековтың ерен еңбектерін ел-халқы жақсы біледі.

Жиын соңында қала әкімі марапат иелерін тағы бір мәрте құттықтап, ардагерлерге зор денсаулық, зейнеткерлік шақтың қызығын тіледі.

Марапатқа ие болған тұлғалар, өздерінің ақжарма тілектерін де жеткізді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ