Әкім Аламан базарын сынға алды (+ВИДЕО)

Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен жергілікті полиция басшысы, «Арнаулы автобаза» ЖШС мекемесі және қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшыларымен бірге, қала аумағында орналасқан базарлар мен ірі сауда орталықтарының санитарлық тазалығын зерделеу бағытындағы рейдтік шараларды жалғастыруда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қала әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, кезекті рейд барысында «Аламан» базарындағы санитарлық тазалық талаптарының орындалуы қадағаланды.

Рейдтік топ базар аумағын аралап, өткен жылдың күзгі екі айлық тазалық уақытында қала әкімі тарапынан берілген тапсырмаларды орындамай, базар аумағының тазалығына жауапкершілікпен қарамаған сауда орталығының әкімшілігіне сын айтып, заң аясында шара қабылданатынын ескертті.

- «Аламан» базарының әкімшілігі лас қоқыс төгетін орынды талапқа сай қалыпқа келтірмей, базар ішінен шыққан әртүрлі қоқыстарды жабдықталмаған ашық жерге төгіп, жыл басынан бері арнаулы мекемемен келісім-шартқа отырмаған. Соның кесірінен төбе болып жиналған лас қоқыстар желмен ұшып, полиэтилен пакеттер базар аумағынын тыс 2-3 гектар жерге дейін шашылып, антисанитарлық жағдай туғызып, қала келбетіне нұқсан келтіріп тұр. «Аламан» базары айналма жолдардың бойында орналасқан. Желмен шашылған полиэтилен пакеттерді көрген қала қонақтары, транзиттік көліктер мен қаламыздың көлік жүргізушілерінің шаһар тазалығына беріп жатқан бағалары көңіл көншітпейді. Бұл базар әкімшілігінің өз істеріне жауапсыздығы салдарынан туындап отырған мәселе, - деді Ш.Кейкин.

Қала әкімі жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар беріп, тазалыққа жауапкершілікпен қарамаған сауда орталықтарына шара қолданып, жағдайды толық бақылауда ұстауды тапсырды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ