Киік мүйіздерін сақтаған тұрғын ұсталды

Индер тұрғынынан заңсыз сақталған сегіз киік мүйізі тәркіленді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Браконьер-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында қызыл кітапқа енген киік мүйізін заңсыз сақтаған азаматты ұстады. Анығырақ айтқанда, 12 қараша күні сағат 23:30 шамасында  полиция қызметкерлері «Охотазоопром» Батыс өңірлік филиалының инспекторларымен бірлесіп,  Сыралы учаскесіндегі қыстақтардың бірінен сегіз киік мүйізін тәркіледі. Күдікті ретінде Өрлік ауылының 1958 жылы туылған тұрғыны анықталды.

Қазір аталған дерек бойынша ҚР ҚК 339-бабының 1-1 бөлігі «Киікті заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе оның дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.