«Кибер-Шериф»: 16 рет жылдамдық асырып, айыппұлын төлемеген жүргізуші көлігі арнаулы тұраққа қамалды

Атырау облысы аумағында республикалық маңызы бар тас жолдарда жол-көлік оқиғасының алдын-алу бағытында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері «Кибер-Шериф» құрылғысы арқылы жол жүрісі ережелерін өрескел бұзған көлік жүргізушілерін анықтауда. Сондай-ақ, бұл құрылғы жол жүрісі ережесін бірнеше мәрте бұзып, айыппұл төлеуден жалтарып жүрген автокөліктерді де анықтауға мүмкіндік береді.
 Айта кетейік, соңғы он күн ішінде 321 автокөліктен 7 млн 810 мың теңге көлемінде айыппұл өндірілді.
 
Аталған автокөліктердің басым бөлігі транзиттік және шетел мемлекетінде тіркеуде тұрған автокөліктер. Мәселен, Армения мемлекетінде тіркеуде тұрған KIA автокөлігінің жүргізушісіне бір жыл ішінде 16 рет жол ережесін бұзғаны үшін 463 000 теңге айыппұл салынып, 29 жастағы жүргізушісінің төлеуден жалтарып жүргені анықталды.
 
Қазіргі таңда автокөлік арнаулы тұраққа қойылып, 29 жастағы жүргізушісіне қатысты заң шеңберінде тиісті шара қабылдануда.