Хиуаз Доспанованың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Атырауда Қазақстанның Халық қаһарманы, қазақтың тұңғыш әскери ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың ескерткішіне гүл шоқтарын қою салтанаты өтті. Шара аты аңызға айналған жерлесіміздің есімі берілген халықаралық әуежай маңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

9 мамырда Атырауда, Хиуаз Доспанованың ескерткіші жанында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, облыстық және қалалық әкімдік өкілдері, әскери қызметкерлер, тыл ардагерлері, оқушылар мен қала тұрғындары және қонақтар қатысты.

Салтанатты рәсім фанфар үнімен және бір минуттық үнсіздікпен басталды — бұл Хиуаз Доспанова мен ел тәуелсіздігі мен бейбітшілігі үшін жанын қиған мыңдаған қазақстандықтарға құрмет белгісі ретінде ұйымдастырылды.Жиналғандар батыр қыздың ерлігіне тағзым етті.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов жиналғандарға арнап құттықтау сөз сөйледі. Одан кейін Хиуаз Доспанова атындағы орта мектептің оқушылары жауынгерлердің ерлігіне арналған өлеңдер оқыды.

Аты аңызға айналған ұшқыштың рухына тағзым етуге Хиуаз Доспанованың өмір жолын зерттеуші журналист Тұрсын Қалимова келді. Ол өз сөзінде Хиуаздың ерлігі Ұлы Жеңістің шежіресіне алтын әріптермен жазылғанын атап өтті.

«Оның ерлігі, қайсарлығы мен Отанға деген адалдығы – нағыз қаһармандықтың үлгісі. Оның есімі – тірі аңыз. Онда қазақ әйелінің батылдығы мен қайсар рухы тоғысқан. Оның ерлігі – келер ұрпаққа жол көрсететін шамшырақ», – деді Тұрсын Қалимова.

Гүл шоқтарын қою рәсімі музыкалық реквиеммен сүйемелденді. Алғашқы болып гүлді облыс әкімі мен ардагерлер кеңесінің төрағасы қойды. Одан кейін «Сармат» мамандандырылған лицейінің оқушылары ескерткішке гүл шоқтарын қойды, соңынан шараға қатысушылар жалғастырды.

Хиуаз Доспанова – Ұлы Отан соғысы кезінде ерлік көрсеткен алғашқы әрі жалғыз қазақ ұшқыш қызы. Ол Орал аэроклубын тәмамдағаннан кейін өз еркімен майданға аттанып, түнгі бомбалаушы ұшақты басқару ісін меңгеріп, әйгілі 588-ші түнгі бомбалаушы авиациялық полк құрамына қабылданды. Бұл әйелдерден құралған полк немістер тарапынан «Түнгі мыстандар» деп аталды.

Ұшқыш қыздар бомба тастаудан бұрын ұшақ қозғалтқыштарын өшіріп, үнсіз ұшатын — тек сыпырғыштың сықырына ұқсас дыбыс естілетін. Олар бір түнде 5–10 мәрте әуеге көтерілетін, кейде артық бомба алу үшін парашютсіз ұшатын. Тек 1944 жылдан бастап парашют тағуға бұйрық берілді.

Хиуаз Доспанова Оңтүстік майданда, Закавказьеде, Солтүстік Кавказда, Украина мен Беларусь жерлерінде шайқасты. Ол екі рет ауыр жарақат алды, алайда сапқа қайта оралып, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алды. Жауға қарсы 300-ден астам әскери ұшу жасап, бомбаларын дәл тастады. Мемлекеттік марапаттарға ие болып, 2004 жылы Қазақстанның ең жоғары атағы — «Халық Қаһарманы» атағын алды. Соғыстан ІІ топтағы мүгедек болып оралса да, Хиуаз Доспанова халық жадында қайсар рух пен батырлықтың символы ретінде қалды.

Аружан Ажимкулова
Фото: автор