Атырау қаласынан 60 шақырым шамасында орналасқан Х.Ерғалиев ауылында ішкі жол мәселесі көптің меселін қайтарып болды.
Тіпті тұрғындардың тең жартысы тұратын ауылдың батыс бөлігі мүлдем тасжол көрмеген. Ауыл халқының басты мұңы болған жол мәселесі әзірге сол «жыр» күйінде келеді. Шешілетін түрі жоқ.
Көпті мазалаған бұл түйткіл былтыр шешімін тауып, жол салынады дегенде бөркін аспанға атқандар аз болмады. Алайда, тұрғындардың ол қуанышы көпке созылған жоқ. Олай дейтініміз, 2022 жылдың 14 ақпанында «ПромСтройМонтаж-ХХІ» ЖШС-мен отырған келісімшарттың ғұмыры ұзаққа бармады. Нақытырақ айтсақ, мекеменің жұмыс қарқыны мен сапасына көңілі толмаған тапсырыс беруші мекеме Исатай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі келісімшартты біржақты бұзуға шешім қабылдаған.
Жұмыстың жүру барысына тұрғындар да разы болмапты. Олардың айтуынша, құрылыс мекемесінің қызметкерлері жолдың сапасына аса мән бермеген.
«Жолды биіктетпестен, жермен жексен күйде асфальт төсемек болды. Топырақ төгудің орнына қара жерді күреп, соның бетінен әр жерге құм төкті, оны тегістеп, үстіне щебень төседі. Оның да бір жері биік бір жері аласа. Кей жерлер 5,10, кей жерлер 20 см ден асады.
Ал, бізде ой жерлерге жаңбыр суы 30 см-ге дейін жиналады. Мамандар құрылыс бастамас бұрын жеріміздің географиялық жағдайына да қараулары керек қой, балшықты, сорлы жерге тобықтан асатын тас жол салу қаншалықты дұрыс? Рас, таулы жер болса бетіне щебень төсеп, асфальттап тастауға болар еді» дейді ауыл тұрғыны Асылжан Мұхиденов.
Аудандық бөлім басшылары компанияның заңға сәйкес мердігерлік шартқа қол қойылғаннан кейін 21 күн ішінде тапсырыс берушінің мақұлдауына негізгі техника мен жабдықтау графигін ұсынуы қажеттігін, алайда жауапты мекеме ешқандай жұмыс кестесін ұсынбағанын, ал ол жұмыстың уақытылы басталмауына әкеліп соққанын айтады.
«ПромСтройМонтаж-ХХІ» ЖШС келісімшартқа сәйкес 14 тамызда жұмысын жүргізуі тиіс еді. Бірақ олар құрылысты мамыр айында ғана бастады. Оның өзінде салған тротуарларын бірнеше мәрте бұзылып, қайта жасады. Арнайы мамандар сараптама жасап, жұмыстың сапасыздығын дәлелдеп берді. Алайда, кемшіліктер толық жойылмады.
Наурыз айынан бері жұмыс жасау графигін сұрадық. Оны да бермеді. Кейін ешқандай рұқсатсыз жұмыстарын бастаған. Сонымен қатар, бастапқы жұмыс қосалқы мердігермен атқарылғанын білдік. Бұл жерде олар қосалқы мердігер алғаны туралы тапсырыс беруші мекемені хабардар ету қағидасына да мән бермеді. Техникалық қадағалаушы да жұмыстың өрескел бұзушылықпен атқарылып жатқандығы жайлы хат арқылы хабарлап отырды. Және оның «ПромСтройМонтаж-ХХІ» ЖШС-нің жұмысына қатысты есебін айғақ ретінде сотқа да ұсындық. Техникалық қадағалушының өзі де сотқа куәгер ретінде қатысып, атқарылған жұмыстардың талапқа сай болмағанын бүкпесіз баяндады» деді Исатай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Рита Сейқуатова.
Бірнеше ескертулерден кейін кері байланыс болмаған соң аудан әкімдігі 19 мамырда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы хабарлама жолдап, 20 маусымда келісімшарт бір жақты бұзылды және 24 маусымда Атырау облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына «ПромСтройМонтаж-ХХІ» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арыз жолданды. Алайда, сотта ол арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.
Тапсырыс беруші мекеме апелляциялық шағым ұсынғанымен, ол да қанағаттандырылмады.
Керісінше, «ПромСтройМонтаж-ХХІ» ЖШС біржақты бұзылған келісімшартты заңсыз деп тану туралы Атырау облыстық ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына талап арыз жолдап, соттан жеңіп шыққан.
«Біздің екі ай шамасында уақытымыз өткенімен, алда келісімшарт мерзімі бойынша 6 айымыз бар еді. Яғни, келісілген 8 ай уақыт толық аяқталмай, келісімшартты біржақты бұзу - заңсыз. Оның үстіне біз жұмыс бастайтын тұста жазғытұрғы жауын мол жауды. Ол туралы синоптиктерден алған арнаулы анықтамаларымыз да бар. Осыларды ескермеген тапсырыс беруші мекеме заңға жүгінуде сәл асығыстық жасады деп есептейміз» деді компания жетекшісі Асқарбек Шамшиденов және ол жолдың биіктету туралы тұрғындардың талабына жобаны дайындағандар жауапты деп отыр.
Ауыл әкімі Рафиғат Тәжиденова компания басшысының құрылысқа ауа-райы кедергі болды дегеніне келіспейді. «Жұмыс жасауға қиындық келтіретіндей апталап жауған жауынды көрмедік» дейді әкім.
«8,6 шақырым ішкі тасжол мен 4,3 шақырым жаяу жүргіншілер жолының құрылысы 2022 жылдың наурыз айында басталып, желтоқсан айында аяқталуы тиіс болатын. «ПромСтройМонтаж-ХХІ» ЖШС мойнына алған жұмысты жарты жолдан қалдырып, кейін тапсырыс беруші мекеме сотқа берді. Алайда, соттың қорытындысы қарсы тараптың пайдасына шешілуі себепті келісімшарт қайтадан қалпына келтірілетін болған. Яғни, аталған компания жұмысын қайта атқаруы тиіс. Жалпы, биыл жол құрылысының келесі кезеңі - 15 шақырым ішкі тасжол мен 5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынуы керек еді. Алайда, былтырғы жол құрылысы бітпей, келесі кезеңнің жұмысы жүзеге асырылмайды. Дегенмен, үшінші кезеңнің жобалық сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтеді» дейді Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденова.
Жыл бойы уақытты жол салу емес, соттасумен өткізген тараптар енді қайтадан келісімге келуге мәжбүр. Соттың шешімі солай.