Хаменованың соты: 231млн 490 мың 511 теңге қайда жұмсалды?

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты үшінші сот отырысында куәгерлерден жауап алынды, деп хабарлайды ATPress.kz.

Прокурор Лаура Асанова куәгерлерге іске қатысты сұрақтарын қойды. Соның бірі Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбек Ахмедьяровтан келісімшарт туралы не білетінін сұрады. Бөлім басшысы Абай ескерткішін орнату бойынша келісімшарттың 2021 жылдың қарашасында жасалып, желтоқсанда орнатылғанын айтты. "Бұл - үкіметтің тапсырмасы" деді  ол. 

Адвокаты Игорь Вранчевпен бірге күдікті Хаменова да куәгерге сұрақ қоюға мүмкіндік алды.

Хаменова Ақылбек Рысқалиевтың қалалық бөлім басшысына  қай уақыттан бастап тапсырма бере бастағанын сұрады.

-  Телефон арқылы сөйлескенде Абай ескерткішін орнату бойынша бюджеттен қаражат сұрату қажеттігі бар деп айтқан болатын. Нақты қай күні айтқаны есімде жоқ, - деп жауап берді Нұрбек Ахмедьяров.

«Рысқалиевпен әңгіме барысында «Абай Құнанбаевқа қашан ескерткіш орнатасыңдар? Немесе «Балқыту» ЖШС-мен тездетіп келісімшартқа отыру керек деген әңгіме болды ма?», - деп нақтылады Бақытгүл Хаменова.

Нұрбек Ахмедьяров «Ескерткішті қою қажет деген әңгіме болды. «Балқыту» ЖШС-мен келісімшартқа отыру туралы нақты тапсырма берген жоқ» деді. 

Тағы бір куәгер  "Асыл өлке" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Орынша Макеева  шараны ұйымдастырар алдында Бақытгүл Хаменова шақырып алып, "Ұлық ұлыс - Алтын Орда" конференциясына демеуші арқылы қаражат жинауды тапсырғанын айтты. 


«Сізбен бірге келісімшартты кім жасасып, жұмысты әрі қарай кім бақылап отырды?», - деп сұрады Хаменова куәгерден. Орынша Макеева облыстық басқарма басшысы Ақылбек Рысқалиевпен меморандум жасасқанын айтты.

Облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова "Асыл өлке" қоғамдық бірлестігінің төрағасы "Алтын ордаға" арналған конференцияны өткізуге қажетті қаражатқа демеуші табуды тапсырған.

Орынша Макеева, "Асыл өлке" қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

 "231 490511 теңге көлемінде қаражат табуым керек болып, демеуші іздедім. Бұл - шарада қызмет көрсететін "Керім медияға" қажетті сома. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Хаменова да, облыстық мәдениет басқармасының басшы Рысқалиев те бұл туралы білді. Бұл үшеуара құпия емес еді, өйткені, облыс басшылығы да бұдан хабардар". 

Макеева түскен қаржының есебін Ақылбек Рысқалиевтың уатсап желісіне жіберіп отырған.

Орынша Макеева, "Асыл өлке" қоғамдық бірлестігінің төрағасы: 

"Мен "Керім медиамен" ғана жұмыс жасадым. Оған демеушілік арқылы келген ақшаны аударып,  басқарма басшысына  тек есебін ғана жіберіп отырдым. Қалғаны конференциядан кейін түсті. Ақша тек есепшотқа келді. Қолма-қол алынбады.

Келісімшарт бойынша NCOC компаниясымен келісімге отырғам. Одан қаржы кейін түсті. Оның ішінде ТШО да бар. Жалпы оншақты компания ақша жіберді. Келісімшартсыз шотыма аударғандар да болды".