Х.Ерғалиев ауылында дауыс берушілерге Наурыз дәмі ұсынылды

Еліміз бойынша өтіп жатқан республикалық референдум Наурызнама онкүндігінің алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп, бірқатар өңірлерде ұлттық дәстүрмен ұштасып өтуде. Соның бірі - Исатай ауданының Х.Ерғалиев ауылында ұйымдастырылған мерекелік шара, деп хабарлайды AtyrauPress.
Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің ұжымы референдум күні ауыл орталығында киіз үй тігіп, Наурызнамаға арналған мәдени шара ұйымдастырды. Дауыс беруге келген тұрғындар киіз үйге кіріп, ұлттық тағамнан дәм татып, ән тыңдап, бір-біріне ізгі тілектерін арнауда.

Мәдениет үйінің директоры Талғат Сатыбаевтың айтуынша, мұндай бастаманың басты мақсаты - елдік маңызды науқанды ұлттық салт-дәстүрмен сабақтастыра отырып, халықтың бірлігі мен ынтымағын арттыру.

- Наурыз - жаңару мен бірліктің, береке мен татулықтың мерекесі. Ал референдум – ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдайтын жауапты кезең. Біз осы екі маңызды ұғымды ұштастырып, ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлауды жөн көрдік. Халық дауыс беріп қана қоймай, ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін осындай шаралардың куәсі болып жатыр. Бұл - елдік пен бірліктің белгісі, - деді Талғат Сатыбаев.
Айта кетейік, Наурызнама онкүндігі аясында еліміздің көптеген өңірінде ұлттық дәстүр мен қоғамдық маңызды шараларды ұштастырған түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.