Х.Досмұхамедов университетінің ұжымы мен студенттері Жаңару күнінде ағаш көшеттерін екті

19 наурыз – Жаңару күні. Бұл мезгілде табиғат түрленіп, тіршілік қайта жанданады. Осыған орай, Х.Досмұхамедов университетінің ұжымы мен студент жастары жұмыла ағаш отырғызды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Оқытушылар құрамы мен студенттер қолдарына күрек ұстап, жоғары оқу орнының айналасына тал-дарақ екті. Жаңару күнінде егілген әрбір ағаш көшеттері өніп, бірнеше жылдардан соң университет маңы жасыл желекке айналып,  сая болары сөзсіз. Сонымен қатар, ағаштар діңдері мен бұтақтары әктелді және талдардың түптері қопсытылды.

Х.Досмұхамедов атындағы университеттің қауымдастырылған профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиев ағаш отырғызудың табиғат анаға деген шексіз құрмет пен қоршаған ортаға деген ізгі іс екенін жеткізді.

«Бүгінгі күн – ерекше күн. Ұлттық мейрам Наурызнаманың алтыншы күні – Жаңару күні. Жер Ана оянып, ағаштардан бүршік атып, жеріміз көкке боялған уақытта табиғатты аялап, осындай құрмет көрсету сауапты іс болмақ. Әсіресе өскелең жас ұрпақ, жастарымыз осыны тереңнен түсінсе нұр үстіне нұр болмақ. Сондықтан әрбір жастың жүрегінде табиғатқа, айналаға, тіршілікке деген махаббат дәнегі болса, болашағымыздың жарқын болары сөзсіз. Тіршілік жаңарған уақытта оған сәл де болса осылай қол ұшын созып, қамқорлық таныту адамдық іс болмақ», - деді Қ.Ырзағалиев.

Айта кетейік, бұл күн ел өмірінде және әрбір қазақстандықтың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Университет ұжымы мен студенттер ұлттық киім киіп, бұл күннің шырайы мен маңыздылығын одан сайын  арттыра түсті.  

Эльмира Мықтыбаева