Атырауда белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ATPress.kz.
«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының ұйымдастыруымен өткен шарада кітап авторы туындының шығу тарихы мен мазмұнына тоқталды. — Бұған дейін де біраз кітап жаздым. Бірақ, оның бәрі діни бағытта болатын. Ал, бұл кітаптың дүниеге келуіне өзіндік себептер бар. Соңғы кезде мотивациялық кітаптар шыға бастады, оның көбі шетелдік басылымдардың аудармалары болғандықтан, оның бәрі бірдей ұлттық, діни танымдарымызға сәйкес келе бермейтін-тұғын. Бірі адами, ұлттық құндылықтарға жат, енді бірі діни сенімімізге керағар дүниелер десек болады. Сол себепті халыққа өз дүниетанымымыз бен дінімізге сай келетін кітап жазуды қолға алдым, — дейді автор.
«Тұлғалық дамытамыз, ақша табуды үйретеміз деп фетишизмді, буддизмнің кейбір наным-сенімін, нумерология секілді ұлттық дүние танымымызға жат дүниелерді насихаттап жүрген де бар. Сондай-ақ, кейбір қаржылық тәуелсіздікті «айлыққа жұмыс істемеу» деп тәпсірлеп дәрігер, мұғалім не мемлекеттік мекемеде өз мамандығы бойынша жұмыс істеп адал табыс тауып жүрген жандарды кем санау өте қате пайым. Қаржылық тәуелсіздік бұл — адал табыс» дейді дінтанушы.
Ұйымдастырушылардың бірі, белгілі эстрада әншісі Бейбіт Көшкалиев бұл кітап қарапайым қазақы аудиторияға арналғанын айтады.
— Қайрат ағамыздың бұған дейінгі кітаптарын оқып жүрміз ғой. Бірақ, оны діни әдебиет ретінде пайдаланатынбыз. Ал, «Кемел адамды» діни бағыттағы не болмаса тек мотивациялық дүние деп қана қарауға болмайды. Қысқасы, бұл туындыдан іздеген ізгілігіңізді таба аласыз. Оны тек оқу керек, — дейді әнші.
Айта кетейік, кітаптың бірінші басылымы бірер ай бұрын жарыққа шығып, тарап үлгерген. Бұл екінші кітап Алматы қаласындағы «Самға» баспасынан 10 мың данамен жарық көрді.