Қазақстанда ең жоғары жалақы Атырау облысында

Қазақстанда орташа айлық жалақы – 340 636 теңге. Стратегиялық жоспарлау агенттігі оның қалай есептелетінін түсіндірді.

Қазақстанда ең жоғары жалақы Атырау облысында.
Кәсіпорындардың 2023 жылғы 1 тоқсандағы есептерінің қорытындысы бойынша, елдегі орташа айлық жалақы 340 636 теңгені құрады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевтің түсіндіруінше, орташа айлық жалақы туралы ақпарат кәсіпорындар мен ұйымдардың тоқсандық және жылдық есебінің негізінде есептеледі.

Агенттік төрағасының ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда ең жоғары жалақы Атырау облысында. Онда 2023 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша қызметкерлер 618 420 теңге жалақы алған. Бұл елдегі орташа көрсеткіштен 81,5 пайызға артық. Одан кейінгі орында маңғыстаулықтар тұр. Олардың орташа жалақысы республикалық деңгейден 1,5 есе жоғары (509 818 теңге).

"Бұл осы салалардағы қызметкерлердің жалақысы көбіне жоғары жалақы төленетін сала балып табылатын кен өндіру өнеркәсібі есебінен қалыптастырылатынына байланысты. 2023 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша тау-кен өнеркәсібі қызметкерлерінің еңбекақысы орташа 766 555 теңгені құрады, бұл республикалық деңгейден 2,2 есе артық", – деп жазылған хатта.

Сонымен қатар, орташа айлық жалақы республикалық деңгейден әлдеқайда төмен өңірлер бар. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында 2023 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша жалақы орташа республикалық деңгейден 29,2 пайызға, Жетісу облысында 27,7 пайызға төмен болды.

Оқи отырыңыз: "Бұл цифрға халық сенбейді". Мәжіліс депутаты орташа жалақы статистикасын сынға алды

Еске салайық, мәжіліс депутаты Елнұр Бейсембаев стратегиялық жоспралау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевке сауал жолдап, елдегі орташа жалақы статистикасын сынға алған еді. 

"Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы – 166 мың теңгені құрап отыр. Шынын айту керек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орта жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес", – деген еді Мәжіліс депутаты.