Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы түсіндірілді

Атырауда облыстық қоғамдық штаб жетекшісі Абдолла Ідірісов пен сенімді өкілдер - Өмірзақ Зинуллин, Мақсым Ізбасов, Сайын Қуанышев, Нұрлыбек Даралиев , Әлібек Наутиев, Балжан Досмұхамбетова ардагерлермен кездесіп, оларға сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Онда ҚР Президенттігіне үміткер Қ.К. Тоқаевтың бағдарламасы түсіндірілді.

 - Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасын жүрек көзінен өткізіп жазғанын айтқан еді. Рас, осы бағдарламада көрсетілген әр қағида - халықтың шымбайына батып жүрген мәселелер. Азаматтардың әл-ауқатын арттырып, олардың өмір сүру сапасын жақсартуды қолға алу - кезек күттірмейтін мәселе. Сіздер бұған дейінгі барлық саяси мәселелерді көзбен көріп келесіздер. Егер ел боламыз десек, болашақтың жарқын болуын қаласақ, Әділет мемлекетте өмір сүруді, ұрпағының Әділетті қоғамда өскенін бәрі қалайды. Сондықтан алдағы саяси науқаннан қалмауға шақырамын,- деді штаб мүшесі Ә.Нәутиев.

 - Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті мәселелер аз емес. Оны бәріміз білеміз. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев сол түйткілді түйінді жүйелі әрі жедел шешуге бағытталған сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Президенттік өкілеттігінің 7 жылында атқарылатын жұмыстардың тізбесі көңілге қонымды. Ауылдарды дамыту, ауыл шаруашылығы саласына көңіл бөлу, Әділетті экономика қалыптастыру секілді мәселелер расында жолға қойылуы керек,- деді штаб мүшесі Б.Досмұхамбетова.

  Жиында ардагерлер өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Алдағы саяси науқан - сайлауға сәттілік тіледі.