02 «наурыз», 2023 130

Қала әкімі Томарлы тұрғындарымен кездесті


Бүгін қала әкімі Мейірім Қалауи Томарлы ауылының тұрғындарымен кездесті. Жиынға құқық қорғау органдарының басшылары, жауапты мемлекеттік органдар және коммуналдық мекеме өкілдері қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Әкімдіктің бапасөз қызметі мәлім еткендей, жиын барысында қала басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық бағытына қысқаша тоқталып, Томарлы ауылында атқарылатын жұмыстармен таныстырды.

- Томарлы ауылында әлі күнге дейін жолы жоқ жерлер бар. Былтырғы жылы бастап жұмыстарды жүргіздік. Құрманғазы, Абай, Бекболатов, Алматы, Смағұлов, №10 көше, Көктем шағын ауданынан басталатын көше, Балық зауытынан Смағұлов көшесіне дейінгі аралық, Смағұлов көшесінен басталатын екі өткел, Московский көшесіндегі екі өткел, Оралов өткелі сияқты тағы да басқа көшелер бар. Енді соларды биылғы жылы аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Тұрғындармен жүздесуде әкім бау-бақша қоғамдастықтарының мәселесіне қатысты арнайы тоқталды.

- Саяжай мәселесі қазіргі таңда өзекті болып отыр. Осы ретте, қалалық әкімдікпен бау-бақша қоғамдарын жеке тұрғын үй құрылысына айналдыру үшін жұмыстар қолға алынды. Қазіргі таңда егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Биыл жұмыстарды Беймахистен бастап, 4 көшесіне жол жүргіземіз, -  деді қала әкімі.

Түнгі жарық шамдарын орнату мәселесіне тоқталған қала әкімі мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің 5 кезеңі бойынша ағымдағы жылы Қайыршақты ауылдық округіне 20000 метрді құрайтын 22 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жоспарланғанын жеткізді. Соның ішінде, Томарлының 5 көшесіне, яғни, Кенжеахметов, Сахауов, Сахипов, Москва және №15 көшеге жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар, қала әкімі Томарлы ауылына 2 футбол алаңының құрылысы басталатынын айтты.
Округтегі өткір тұрған мәселе – мектеп тапшылығы. Осы ретте, қала әкімі Жұлдыз 2, Жұлдыз 3, Ақсай 2 аумағында «Жайлы мектеп» жобасымен әрқайсысы 900 орындық мектеп құрылысы басталатынын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, қала әкімі Томарлы ауылындағы жаяу жүргіншілер жолы құрылысының  жоспарымен де таныстырды.

-Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайтын 30 көшеге жаяу жүргіншілер жолын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Оны биыл бастап, аяқтауымыз қажет. Соның ішінде Томарлы ауылындағы 18 көшеге, Бесікті, Талғайран, Көктем шағын ауданындағы 7 көше, Жұлдыз шағын ауданындағы №6 көшеден №1 көшеге дейін аралық. Осы жұмыстарды биыл жүргіземіз деп жоспарлап отырмыз, - деді қала басшысы.

Кездесу барысында елдімекен тұрғындары электр желісі мәселесі, бау-бақша қоғамының проблемалары, жазғы су құбыры, балабақшаның жоқтығы, бұралқы ит мәселесі төңірегінде бірқатар мәселелерді көтерді. Өз кезегінде аталған қордаланған мәселелер күнделікті бақылауында және бірқатарына жоспарлар жасақталып жатырғанын айтқан қала әкімі кезек күттірмейтін кемшіліктерді жою бойынша ауылдық округ әкімі мен жауапты мекеме жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ