Қала әкімі Ақсай және Ақсай-2 елдімекенінің тұрғындарымен кездесті

Қала әкімі Мейірім Қалауи Ақсай және Ақсай-2 елдімекенінің тұрғындарымен кездесті. Жиынға құқық қорғау органдарының басшылары, жауапты мемлекеттік органдар және коммуналдық мекеме өкілдері қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тұрғындар балабақша және ойын алаңдарының жоқтығы, жол, жаяу жүргіншілер және қоғамдық көлік мәселесіне қатысты проблемаларды көтеріп, өз ұсыныс-пікірлерін айтты.
Өз кезегінде қала басшысы аталған мәселелердің қазіргі уақытта орындалысы жоспарланып, бақылауға алынғандығын айтып, округтегі өткір тұрған мәселе – мектеп тапшылығына қатысты арнайы тоқталды.
- 900 орындық мектепті биыл бастаймыз. Қазіргі таңда мекеме анықталды. Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынады. Сонымен қатар, Ақсай-2 аумағынан екі балабақшаның жобасын бастап, аяқтадық. Жоба бойынша екеуі де 280 орындық. Биылғы жылы бір балабақшаның құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, - деді қала әкімі.
Бұған қоса, қала әкімі балалар ойын алаңының жоспарымен де таныстырды.
- Балалар ойын алаңына қатысты жобаны жасақтадық. Жоба шеңберінде ашық алаңда балалар ойнайтын алаң, футбол, жаттығу алаңдары, лед жарық шамдары және бейнебақылау камераларымен қамтылып, орындықтар орнатылады. Бүгінгі күні мердігер мекемесі анықталды. Жақын күндері мекеме тарапынан тиісті жұмыстар басталады, - деді.
Қордаланған мәселелер күнделікті бақылауында және бірқатарына жоспарлар жасақталып жатырғанын айтқан әкім кезек күттірмейтін кемшіліктерді жою бойынша ауылдық округ әкімі мен жауапты мекеме жетекшілеріне нақты тапсырмалар берді.