Күзгі-қысқы маусым жұмыстарына атүсті қарамауға шақырды
6 қыркүйек күні Атырау қаласының әкімі Ш.Кейкиннің төрағалығымен Атырау қалалық табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөніндегі қалалық комиссия мәжілісінің кезектен тыс отырысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы Атырау қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті. Жиынға облыс және қалалық мәслихат депутаттары, қаламыздағы ірі мекеме өкілдері мен қоғамдық кеңес мүшелері, жауапты бөлім және басқарма басшылары қатысты. Күн тәртібінің басты мәселесі – күзгі-қысқы маусым айында нормадан тыс жауған жауын-шашын мен қалың қардың салдарынан қала тұрғындары мен көлік қатынасына қолайсыз және апатты жағдай тудырмай, уақытында апаттың алдын алуға, аталған ұйымдар мен мекемелердің бірігіп мәселені шешу мақсатында әкімдікпен екіжақты келісімге келуі болды.
Жиынға 867-ге жуық әртүрлі арнайы техникалары бар, жанар-жағар май станциялары және қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған 50-ге жақын ірі мекеме басшылары қатысып, әкімнің көтерген өзекті мәселесіне өз пікірлерін білдіріп, қолдайтындарын айтты. «Арнаулы автобаза» ЖШС басшысы Алмас Ізтілеуов былтырғы қыста орын алған олқылықтар қайталанбас үшін қазірден бастап тиісті мекемелермен келісімшарт жасақтап, қажетті техникалар санын 100-ге дейін көбейтіп жатқаны айтылды.
Жиынды қорытындылай келе қала әкімі төтенше жағдайлардың алдын алу және олардан болатын зардаптардың тез арада қалпына келтіру жұмыстары кезек күттірмейтін мәселе екенін алға тартты.
- Құрметті жиынға қатысушылар! «Күш-бірлікте, талап-тірлікте!»,- дегендей, былтырғы қыстағы жағдайды болдыртпау мақсатында бірігіп жұмыс жасауымыз қажет. Бұл бүгінгі күннің басты мәселесі. 15 қазанға дейін күзгі-қысқы маусымға жауапты мекемелердің жұмысы дайын болуы қажет. Ал атүсті қарағандар қатаң түрде жауапкершілікке тартылады. Осы жерде табиғи төтенше жағдайлардың алдын алуға және зардаптарын жою үшін ірі мекемелермен екіжақты келісімге келіп, меморандумға қол қоюды ұсынамын. Былтырғы қыстағы жағдай қайта қайталанбауы тиіс. Техникалар мен жұмыс күші әр кез дайын болуы қажет, деді қала әкімі.