Қызылқоғалық бағбан бес түрлі алма ағашын егуді қолға алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Миялылық Амангелді Ермағанбетов әкесінен қалған бағбаншылықты қолға алып, мемлекеттен кәсіп бастауына қолдау тауып, қазіргі таңда алма ағашын өсіре бастады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Атакәсіпке 12 жыл бұрын бет бұрған А.Ермағанбетовтің шарбағында алма, алмұрт, шабдалы, жүзім, өрік секілді жеміс ағаштары бар. Тіпті жемісін теріп те үлгерген. Ол аудан халқына табиғи алма өнімдерін ұсынуды жоспарлауда.
- Бұл көптен ойлап жүрген кәсібім еді. Өйткені, әкем осы кәсіппен айналысқан. Сол шаруашылықты жалғайын деп жеке тұрғын үйімнің жанынан 0,75 гектар жер алдым. Әкімдіктің қолдауымен «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында қайтарымсыз грант алдым. Барлығы 250 түп алма ағашының бес түрін егіп қойдым. Қызылқоғаның жері құмақтау, құнарсыздау болғанан кейін өзім ізденіп, топырақ қоспалары және биогумуспен араластырып ектім. Жалпы жеміс ағаштары үш жылда өнім береді. Еккеніме бір жарым айға жуық уақыт болды. Бұлардың ішінде шырынды алмалар бар, - деді А.Ермағанбетов.