Қызылқоғада қызылша құтырып тұр...

Аудан бойынша қызылша жұқпасынан эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Күні бүгінге «Қызылша болжамды жағдайымен» 111 науқас тіркелген, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Оның ішінде балалар арасында 70 жағдай, жасөспірім - 11, ересектер - 30. Бұл туралы аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлім етті. Балалар арасында тіркелгендердің 80 пайызы бір екпесін алған және мүлде екпесін алмағандар.

Жалпы қызылшаға қарсы екпе алушылар саны 2407 құраса, 1965 жаппай иммундаудан өтіп, 81,7% құрап отыр.

Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде 6 науқас ем қабылдауда. Соның бірі миялылық Лаура Бишекина:

- Менің балаларым 3 күн бойы үйден қызулап шықты. Содан кейін учаскелік дәрігерімді шақырып, ол қызылша белгісін анықтап осы ауруханаға жедел жәрдеммен тасымалдады. Балаларым вакцина алмаған. Вакцина алмағанның кесірінен қатты ауырды. Аурханаға келгенен бастап 2 күн бойы нәр татпастан жатты. Тіпті су да ішпей қалды. 39,5-ке дейін температурамыз көтерілді. Қазіргі таңда балаларымның жағдайы жақсы. Ата-аналарға айтарым вакцина алу керек, жеңіл өтеді. Үйдегі 2 балам вакцина алып, оларға жеңіл түрде өтті, - дейді.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша Атырау облысы қызылша жұқтырғандар қатарында Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе облысынан кейін төртінші орында тұр.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ