Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов "Қызылқоға" газетінің 70 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– Құрметті "Қызылқоға" газетінің ұжымы, ардагер журналистер, баспахана қызметкерлері! Сіздерді аудандық "Қызылқоға " газетінің жарыққа шыққанына 70 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Өзіндік жолы, өрелі тарихы бар, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылым қай кезеңде де ауданның айнасына айналып, халық пен биліктің ортасында алтын көпір болып келеді.
Жетпіс жыл бойы ауданның жетістігіне қуанып, кемшілігіне күйініп, қай заманның салмағын да жергілікті билікпен, ел-жұртымен бірге бөліскен газетте еңбек жолын бастаған Қабижан Сағиев, Мақажан Қабиев, Марат Мәжитов, Төлеген Жаңабайұлы, Жолдығали Бақытов, Әнуарбек Қосанов, Арыстанбек Наурызғалиев, Мереке Құлкенов, Құралай Бисенбаева, Төлеухан Ахметова, Шолпан Ұғыбаева, Әбілхан Төлеуішов, Серік Қаражанов, Нұрлан Қабылов, Лес Жолдиев, Мағрупа Қазихан, Хамит Әубәкіров, Жолдас Жанқуатов, Бауыржан Бердіғалиев және тағы да басқа тілшілер бүгінде еліміздің еңсесі биік қайраткерлеріне айналды. Олардың қауырсын қаламдарын қатайтып, қасиетті қара шаңырақты бас редакторлар ұстаханасына айналдырған Әлімбай Жанғазиев, Қабдол Кенжеалиев, Жұмаш Нақпаев, Теңдік Жауыров, Ізни Нұрқасымов, Төлеубай Ысқақов секілді аға буын редакторлардың өрісті өнегесі мәңгі жадымыздан өшпейді.
Елдің идеологиялық қаруы бола білген газеттің шығуы жолында тынымсыз еңбек еткен Қайырша Өтешов бастаған баспахана басшылары мен қызметкерлеріне және алдыңғы аға лектің лайықты жолын жалғастырған бүгінгі ұжымға да айтар алғысымыз зор. Бүгінде жеті ондықтың белесіне көтерілген аудандық басылымның абыройы асқақ, беделі биік. Әркез баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін! - делінген құттықтауда.