"Қызық премияда" атыраулық бүлдіршін "Жыл патриоты" атанды! (+ВИДЕО)

Атырау қаласының тумасы, бүгінде Астана қаласының кішкентай тұрғыны Айлин Ибраемова Алматыдағы Республика сарайында өткен дәстүрлі  "Қызық премия" шоуында "Жыл патриоты" аталымын жеңіп алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 
Ту көрсе, Әнұран айтатын бүлдіршіннің елді қалай сүйсінткені жөнінде біз бұған дейін де жазған болатынбыз. Бейнежазбада екі жасар Айлин анасымен бірге келе жатып көшеде тұрған көліктің мемлекеттік нөміріндегі Тудың бейнесін көре салысымен Әнұранның қайырмасын айта жөнеледі. Видео екі аптада әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинап, көптің көзайымына айналды. Тіпті, Президенттің тик-токтағы ресми парақшасына да жарияланды. Бүлдіршіннің әкесі – мемлекеттік қызметші, анасы – Альфия Әдиева қоғам белсендісі. 

«Айлин – балаларымыздың ең кенжесі. Оның алдында екі апасы мен бір ағасы бар. Біз Айлинді кішкентай кезінен қазақ әуендерін тыңдап өсірдік, ата-әжесі патриотық өлеңдерін айтып бақты.  Отбасымызда патриоттық тәрбие отбасыдан басталады деген сөз басты қағида. Астанадағы “Алтын адам” бала бақшасына барғалы Әнұранды  айтып үйренді. Балабақшада әр күн Гимн айтудан басталады. Қазір Айлин Ту көрсе болғаны, қолын кеудесіне қойып Әнұран айта бастайды» дейді анасы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ