“Құрманғазы” кооперативінде жаңа Конституция жобасы талқыланды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 15 наурызға жаңа Конституция жобасын қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум тағайындауына байланысты ауданда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Бұл жолы түсіндіру кездесуі «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің ұжымымен өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.

Кездесуге аудандық коалиция мүшесі Сабыржан Султанов пен Дыңғызыл ауылдық округінің әкімі Оралбай Азимов қатысты.
Жиын барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары түсіндірілді. Айтылғандай, құжат «Әділетті Қазақстан» идеясына негізделген. Онда заң мен тәртіп үстемдігін нығайту, қоғамдық диалогті дамыту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және адам капиталын күшейту негізгі басымдықтар ретінде белгіленген.

Сонымен қатар жаңа жобада цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қорғау мәселесіне де ерекше мән берілген. Атап айтқанда, дербес деректердің қауіпсіздігі, жеке өмірге қол сұқпаушылық, ақпарат алу еркіндігі және цензураға тыйым салу қағидаттары нақты көрсетілген.

Бұдан бөлек, құжатта адвокатураға қатысты арнайы бап енгізіліп, азаматтардың білікті заң көмегін алуына берілетін кепілдіктер күшейтілгені айтылды.

Жаңа Конституция жобасында еңбек саласына қатысты нормалар да жүйеленген. Онда еңбек ету құқығы әлеуметтік әділеттілік, қауіпсіздік және теңдік қағидаттарымен ұштасатыны атап өтілді.

Кездесу соңында коалиция мүшелері ұжым өкілдерін жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырды.