Құрманғазы аудандық коалиция өкілдері Нұржау ауылындағы Нұржау жалпы орта мектебінде болып, білім беру саласының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Кездесуге облыстық мәслихат депутаты Замзагүл Карсакова, аудандық мәслихат депутаттары Ануарбек Сабитов пен Айбек Зиноллаев қатысты.
Жиын барысында ұстаздар қауымына конституциялық реформалардың негізгі бағыттары таныстырылып, олардың қоғам дамуына, әсіресе білім беру саласына тигізер ықпалы туралы айтылды. Коалиция мүшелері білім мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі тірегі екенін атап өтті.
— Білімді ұрпақ – елдің ертеңі. Сондықтан конституциялық реформалар аясындағы білім саласына қатысты бастамалардың маңызы зор. Мемлекет ұстаздардың мәртебесін көтеріп, олардың еңбегін лайықты бағалауға ерекше көңіл бөліп келеді. Мұғалімдер – қоғамның рухани тірегі, болашақ буынды тәрбиелейтін негізгі күш. Басты мақсат – білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға мүмкіндік беретін берік құқықтық негіз қалыптастыру, — деді коалиция мүшесі Берік Анесов.
Кездесу барысында ұстаздар тарапынан да бірқатар сұрақтар қойылып, пікірлер айтылды. Коалиция өкілдері азаматтарды референдумға қатысып, ел болашағына қатысты өз азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырды.
Айта кетейік, мұндай кездесулер конституциялық реформалардың мәнін түсіндіру және қоғаммен ашық диалог орнату мақсатында өңірдің түрлі елді мекендерінде өткізілуде.