Кәсіпкерлер халыққа қызмет көрсету орталығының қызметін облыстық Кәсіпкерлер палатасында ала алады

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының ғимаратында кәсіпкерлік субъектілеріне арналған көпфункционалды қажетті қызмет көрсету орталығы ашылды,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бұл жерде сервистік қызметтермен қатар бизнеске қажетті мемлекеттік қаржы ұйымдарының қызметтері де қолжетімді. Атап айтсақ, заңды тұлғаларды тіркеу, лицензиялар мен рұқсат құжаттарын алу, қаржыландыруға өтінім беру және тағы басқа маңызды қызметтер кіреді. Бұл кәсіпкерлерге кеңес алудан бастап, бизнес ашу және дамытуға қатысты барлық мәселені кешенді түрде шешуге мүмкіндік бермек. 

–  Көпфункционалды қажетті қызмет көрсету орталығын ашу  «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асты. Бұған дейін мұндай орталықтар еліміздің төрт өңірінде болды. Биыл тағы алты облыста ашылды, – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев.

2023 жылдан бастап көпфункционалды қажетті қызмет көрсету орталығы еліміздің төрт облысында: Астана, Шымкент, Алматы, БҚО жұмыс істейді. 2025 жылдың 3 ақпанынан бастап Абай, Ұлытау, Маңғыстау, Қостанай, Түркістан және Атырау облысында қосымша орталықтар ашылды.