Құрманғазы ауданының орталығындағы қараусыз қалған стадионды қайта жөндеу өткен жылы қараша айында басталды. Бұл нысан осы айдың соңында тапсырылуы тиіс болатын. Алайда белгісіз себептерге байланысты жөндеу жұмыстарын аяқтау келесі жылдың екінші тоқсанына жылжытылды, деп хабарлайды AtyrauPress.
2,14 гектар аумақты алып жатқан стадион 1985 жылы салынған. Күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 2002 жылы жүргізілді. Сол уақыттан бері оның әбден тозығы жетті. Аудан тұрғындары тарапынан спорттық шаралар өткізетін орынның жоқтығына байланысты шағымдар жиіледі. "Іздегенге сұраған" дегендей былтыр Атырау облысының Кешенді даму жоспары аясында стадионда құрылыс жұмыстары басталды.
«Стадионды қайта құруды мердігер ұйым «ГрадСтройСервис» ЖШС жүргізуде. Тапсырыс беруші «Атырау облысы Құрманғазы ауданының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Нысан «AMANAT» партиясының бақылауында. Келісімшарт сомасы 922 млн 719,1 мың теңге. Құрылыс 2024 жылдың екінші тоқсанында аяқталады», - деп хабарлады Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Жаңғырту жұмыстарының аяқталу мерзімі неліктен кейінге шегерілді және қазір жұмыс қай деңгейде?» деген сұрақтарға аудан әкімдігіндегілер жауап беруге қиналды. Дегенмен де олар нысан пайдалануға берілген соң жүзеге асырылатын жоспарларымен бөлісті.
Аудан әкімдігіндегілердің берген ақпараты бойынша, жаңа стадионның сыйымдылығы 500 орынды құрайды. Оның аумағында екі қабатты ғимарат болады, оның бірінші қабатында үстел ойындары залы, күрес залы, спорт залы, мәжіліс залы, жаттықтырушы бөлмелері, фельдшерлік пункт, тазалау жабдықтары, жеке кіреберісі бар жылыту блогы және жуынатын кабиналары болады. Ғимараттың кей тұсы трибуналық кеңістікте орналасады. Сондай-ақ футбол алаңы, аралас баскетбол, волейбол алаңы және жүгіру жолы болады. Қозғалысы шектеулі адамдар үшін стендтерге кіру мүмкіндігі бар көтергіш құрылғысы мен пандус қарастырылады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА
Фото «Серпер» газетінен алынды