Құрманғазыдағы мектепке қатысты мақалаға әкімдік пікір білдірді

Біздің сайтымызда жарық көрген «В Атырауской области родители возмущены строительством школы на окраине села » деген мақалаға  қатысты Құрманғазы ауданының әкімдігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мақалада Құрманғазы ауылында салынып жатқан 600 орындық Ломоносов атындағы жалпы орта  мектебінің орналасу аумағына ата-аналар наразылық білдіріп жатқаны жөнінде жазылған болатын.

– Құрманғазы ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық  жобасы аясында  600 орындық Ломоносов мектебінің құрылысы 2023 жылы бастау алды. «Жайлы мектеп» жобасына тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ компаниясы. Құрылыс аяқталған соң, нысан білім беру бөліміне тапсырылады.

Жаңа мектептің аумағы 4 га жерді құрайды. Аталған жаңа  мектеп аудан аумағында, яғни,  аудан орталығынан шет аймаққа салынбауда. Бұл жерде сонымен қатар, Бегалиев атындағы жалпы орта мектеп, Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернаты, «Нұршуақ», «Балбөбек» балабақшалары орналасқан.

Сонымен қатар, Құрманғазы ауылдық округіне қарасты РТС (3200 тұрғын), Самаркин (2000 тұрғын) елді мекенінің тұрғындары балаларымен қатар ауданның  өзге де ауылдық округтерінен  келіп оқитын оқушыларға ыңғайлы жерде.

Бұдан бөлек,  бұл елді мекенге аудан ішінде қоғамдық көлік үздіксіз қатынауда. Қазіргі Ломоносов орта мектебінің орналасқан 1 га жер аумағын ескере отырып, жаңа мектепті бас жопарға сәйкес, барлық инфрақұрылым негіздері қарастырылған осы РТС елді мекеніне кең көлемді жерге салу келісілді, - делінген әкімдік хабарламасында.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ