Құрманғазы мәдениет сарайын жаңғыртуға жаңадан конкурс жарияланды

Қазір мемлекеттік сатып алу порталында Құрманғазы атындағы мәдениет сарайына жаңғырту жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға ашық байқау жарияланды. Жеңімпазы ағымдағы қазан айының ортасында анықталады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Содан соң ғылыми жоба жасақталып, соның негізінде құрылыс-қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізетін компанияны анықтауға конкурс жаряиланатын болады.

Айта кетейік, биыл бюджеттен 449 миллион 700 мың теңге бөлініп отыр. Бұл сомаға жалпы жөндеу жұмыстары, атап айтқанда, жылыту жүйесі, вентиляция, су құбыры мен кәріз қалпына келтірілмек. Тендерді «Азамат құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алған. Алайда, құрылыс жұмыстары басталған кезде прокуратура тексеріс жүргізіп, аталған компанияның мемлекеттік тапсырысты заңсыз алғанын және арнайы рұқсаты болмағанын анықтады. Прокурорлар тапсырыс келісімшартының күшін жойды. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі. Бұл жайтқа қатысты қалалық әкімдіктің өз айтары бар.

– «Азамат құрылыс» ЖШС тендерге қатысқан кезде құрылыс-қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге лицензия болуы тиіс деген шарт болмады, - дейді қала әкімінің орынбасары Серік Нысанбаев.

Еске ала кетейік, аталған мәдениет сарайы 1948 жылы негізін қалаған болатын. Содан бері оған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Тек 2001-2002 жылдары ғана косметикалық жөндеу жүргізілген.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: Динара ҚАНБЕТОВА