Құрманғазы ауылының тұрғыны көпшілікті сүйсінтті

Құрманғазы ауылының тұрғыны Занурия Нұрболқызы жасы небәрі 19-да болса да, бес жұмысты бірдей алып жүр. Жуырда ол әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазба көпшіліктің назарын аударып, қызу талқыға түсті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бейнежазбаның астына желі қолданушылары жүздеген пікір қалдырып жатыр. Көбісі жас қыздың осыншама тығыз жұмыс кестесіне таңқалуда. Біреулер оған қолдау танытып жазба қалдырса, енді бірі денсаулығына зиян келе ме деп алаңдаушылық білдіруде. Расымен де, жас та болса еңбекке деген зор құлшынысымен жұртты тәнті еткен құрманғазылық қыз аз уақытта желі жұлдызына айналды десек те болады.

Сонымен, оның бір күні қалай өтеді? Таңғы сағат 7.30-дан 11.30-ға дейін ол жергілікті мектепте бастауыш сыныпқа сабақ береді. Мұны облыстық білім беру басқармасындағылар да растап отыр. Тіпті, сағат 12.00-14.00 аралығында репетитор болып та қосымша табыс табады екен.

Ал, сағат 15.00-16.00 аралығында балаларға арналған би үйірмесінде хореограф болып жұмыс жасайды. Содан кешкі сағат 18.00-ге дейін оқу орталығында орыс тілінен дәріс береді. Сондай-ақ, сағат 21.00-ден бастап тойларда би ансамблінде мың бұрала билеп те үлгереді. Осыған енді әлеуметтік желдіегі белсенділігін қосыңыз! Өйткені, желідегі жеке парақшаны жүргізудің өзі көп уақыт пен шыдамдылықты талап етеді ғой.

Занурия колледже педагог мамандығы бойынша білім алғанын айтады. Ол басқалардың көп еңбек етіп мол табыс табуға шақыратын бейнежазбаларын көре отырып, өзінің де күнделікті өмірін желіге жүктегенді жөн көріпті.

«Мен бала кезімнен анама көмектесіп, тойларға биші болып шығып келемін. Өзім ақ адал еңбек етіп, аз-мұз ақша тапқанды құп көремін. Ең бастысы, ұйқы режимін бұзып алмау керек. Сол сияқты, жақын адамдармен және достармен араласып тұруға да уақыт тапқан жөн. Желіде талқыға түскен бейнежазбаға тоқталсам, мектептегі қызметім – менің ең негізгі жұмысым. Яғни, бірінші сынып оқушыларына сабақ беремін. Сондай-ақ, би үйірмесінде тікелей балалармен жұмыс жасаймын. Маған бұл қатты ұнайды. Сонымен бірге, орталықта орыс тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етемін. Кейде тойларға барып, би билейтін де өнерім бар. Менің арман-мақсаттарым өте көп. Мәселен, анаммен бірге әлемнің түкпір-түкпірін аралап, саяхаттағым келеді» дейді ол.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ