Қолайсыз ауа райына байланысты Атырау облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Атырау облысы полиция департаменті хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, қар аралас жаңбыр жауып, ауа температурасының минусқа төмендеуі салдарынан өңірде көктайғақ қалыптасып, жолда жүру қиындаған.
Осыған байланысты республикалық маңызы бар Ақтөбе–Атырау–Астрахань автожолында барлық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Қазіргі уақытта патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, көктайғақ пен тұман салдарынан қозғалысы қиындаған көліктерді сүйемелдеп, жүргізушілерге қауіпсіз бағыт-бағдар беруде. Сонымен қатар жол бойында ескерту және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Мамандар жүргізушілерге ауа райының күрт өзгеруін ескеріп, алыс жолға шықпауға, жолда жылдамдықты асырмауға және сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.
Айта кетейік, ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдағы жағдай туралы ақпарат 112 арнасы арқылы алдын ала хабарланып отырады. Тұрғындарға ресми ескертулерге назар аударып, өз қауіпсіздігін бірінші орынға қою ұсынылады.