«Әділдік жолы» бірлестігінің Атырау облысындағы филиалы Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде бірқатар заң бұзушылық белгілері болуы мүмкін екенін мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Аудан орталығындағы мектептердің бірінде жылдың басында "лицейдің қорына" деп әр ата-анадан 40 мыңдай ақша жиналған. Ал онда 250-ге жуық оқушы білім алады.
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атыраудағы филиалының директоры Дариға Ахметова Құлсарыдағы мектептердің бірінің былығы туралы айтты.
«Біріншіден, сабақ кестесіне енгізілген соңғы сабақтар шын мәнінде өткізілмеген. Мысалы, оқушылар былтыр 5 күн оқыды, таңертеңгі 9-дан бастап кешкі 4-ке дейін 8 сабақ қойылған. Бірақ өздерінің электронды күнделігі Едупейдждегі сабақ кестесінде 9 сабақ тұрғанымен, олар өткізілмеген. Ал мұғалімдер ол үшін толыққанды жалақыны тегін алып келді. Екіншіден, лицейде мүдделер қақтығысының белгілері де бар. Осы білім беру мекемесінің қойма меңгерушісі өз інісін тәрбиеші қылып орналастырған. Ал оның дипломы бойынша мамандығы – ветеринар. Үшіншіден, шын мәнінде лицейде жұмыс істемеген адамдар жалақы алып отырған. Былтырғы оқу жылында Құлсары қаласындағы оқушыларды ҰБТ, НЗМ, БИЛ-ге дайындайтын «Келешек» оқу орталығында жұмыс істеген математика мұғалімін табельге енгізіп, ақшасын алып отырған. Ол мұғалім лицейге аяғын аттап та баспаған, ешқандай сыныпқа сабақ бермеген. Төртіншіден, ата-аналардан ақша жинау үрдісі тоқтамаған. Жылдың басында лицейдің қорына деп әр ата-анадан 40 мыңдай ақша жиналды. Ал лицейде 250 жуық оқушы бар», - деді Дариға Ахметова.
Қазір «Әділдік жолы» бірлестігінің Атырау облысындағы филиалы Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде бірқатар заң бұзушылық белгілері болуы мүмкін деп өңірдегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне арнайы хат жолдады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА
Фото:.freepik.com