Құлсарыда 1 қыркүйекте 300 орындық мектеп ашылмақ

Бұл туралы облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мектеп құрылысына тапсырыс беруші «Атырау облысының құрылыс басқармасы» ММ болса, бас мердігер «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС. Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, мектеп аумағында футбол алаңы, ұзындыққа секіруге арналған орын, демалыс аймағы, ашық ойын алаңы, салтанатты рәсімдерге арналған алаң, автотұрақ қарастырылған. Екі қатарлы 300 оқушыға арналған мектеп екі ауысымды білім беру процесін жүзеге асыруға арналған. Сыныптардың толымдылығы 25 адамнан аспайды.

Информатика сабақтары үшін компьютерлік үстелдермен, компьютерлермен жабдықталған. Ал шет тілін үйрену үшін 12, 13 оқушыдан төрт мультимедиялық кабинет ұйымдастырылған. Кабинеттерге лингафондық-мультимедиялық жабдықтар қойылған. Металл және ағаш шеберханалары үстел үсті бұрғылау станоктарымен, токарлық станоктармен, муфель пешімен жабдықталған. Қыздарға арналған еңбек кабинетінде электр жетегі бар тігін машиналары, айна, манекен, үтіктеуге арналған үстелдер, маталарға арналған шкаф қойылған. Тамақ дайындау бойынша оқу сабақтары өткізілетін аспаздық кабинетте электр плитасы, тоңазытқыш, араластырғыш бар,- деді Н.Құсайынов.

Сондай-ақ басқарма басшысының айтуынша, жертөледе 25 метрлік тир орналасқан. Тир лазерлік ату кешенімен жабдықталған. Бұл кешен АӘД сабақтарында пайдалануға арналған. Кітапханада мектеп және көркем әдебиетті сақтауға арналған жабық және ашық қор, медиатека қарастырылған. Оған қоса медициналық кабинет, 96 орынға есептелген акт залы мен оқушылардың тамақтануы үшін 104 орынға арналған асхана да қаралған.