Көлікте күдікті іспен айналысқан атыраулықтың видеосы тарады

Атырауда көлікті есірткілік мас күйде басқарған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Тамыздың 15-і сағат 17:55 шамасында Жедел басқару орталығының қызметкерлері Атырау қаласы, Құрманғазы-Бигельдинов көше қиылысында маркасы ВАЗ-2115 автокөлігінің жүргізушісі күдік тудырғанын байқап, патрульдік полиция қызметкерлеріне бағытама берген. 1994 жылы туған азамат оқиға орнынан жедел түрде медициналық сараптамаға жеткізілді. Дәрігердің медициналық қорытындысына сәйкес, оның ұшпа (клей) ерітінділерін тұтынғаны анықталды. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттама жасақталып, іс-құжаттар жинақталды. Сөйтіп, мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Салдарынан сот шешімімен 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

– Сондай-ақ, құқықбұзушының көлік басқару кезінде есірткі тектес затты пайдаланғанын көрген тұрғындар да бейнежазбаға түсіріп таратқан. Мұндай жағдайға куә болсаңыз, бірден 102 операторына немесе қосымшасына, Telegram желісіндегі "Белсенді азаматтар 06 Активные граждане" жұмыс тобына жіберуге болады, - дейді Атырау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция капитаны Ерсін Қожахметов.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ