Көктайғаққа байланысты жол жабылды

Бүгін 11.30-да ауа райының бұзылуына, яғни, жаңбыр жауып, көктайғақ болуына байланысты "Ақтөбе-Атырау-Астрахань" тас жолының 712-893 шақырымы аралығында /Жанбай -Котяевка/ көлік қозғалысына шектеу қойылды. Бұл туралы AtyrauPress "ҚазАвтоЖол" АҚ Атырау облыстық филиалы өкілдеріне ілтеме жасап хабарлайды. 

Тас жолдарды қысқы күтіп ұстау жұмыстары мен ауа-райының құбылмалылығына байланысты жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін   ҚР Көлік министірлігіне қарасты "ҚазАвтожол" АҚ АОФ, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК АОФ және "ҚАЖсервис" ЖШС өкілдері бірлесіп жұмыс - істеп жатыр.

"Атырау облысы бойынша ауа температурасы -8-10°. Күн бұлтты. Құрманғазы ауданында жаңбыр, Махамбет ауданында қар жауды. Құрманғазы ауданында жаңбыр салдарынан көктайғақ болып, республикалық "Атырау-Астрахань" жолында көлік қозғалысына шектеу қойылды. Қазір аталған жолдың 712-893 шақырымы аралығында 6 техника, 10 адам жұмыс істеп жатыр. Жолға бір тәулікте 18 м3 инертті материал себілді, - деді "ҚазАвтоЖол" АҚ АОФ бөлім басшысы Қуанышбек Шортабаев.